2026 жылы саммитке банк, финтех-компаниялар, мемлекеттік органдар басшылары мен халықаралық сарапшыларды қоса алғанда, 4 000-нан астам қатысушы жиналды. Биылғы саммиттің тақырыбы – «Сенім дәуірі: келесі онжылдықта қаржы нарығы қандай болады?»
Жаңа архитектура және нарықты кеңейту
-Цифрлық технологиялар қаржы нарығының құрылымын түбегейлі өзгерту үстінде: жаңа қатысушылар, инвестициялау құралдары мен есеп айырысу тәсілдері пайда болып жатыр. Сонымен қатар реттеушінің рөлі де өзгеріп келеді – бізден алдын ала әрекет етуді, инновациялар мен бәсекелестікке жағдай жасауды, сонымен бірге қаржы жүйесінің сенімділігі мен оған деген сенімді қамтамасыз етуді талап етеді, – деді ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов.
Саммит аясында Қазақстанның төлем нарығының жаңа архитектурасы таныстырылды. 2026 жылғы қазан айынан бастап қаржы нарығында реттеудің жаңа субъектісі – бірінші санаттағы төлем ұйымдары пайда болады. Олар Ұлттық банктің лицензиясы негізінде жұмыс істеп, төлем қызметтерін банктік операциялардың жекелеген түрлерімен қатар ұсына алады.
Ашық пленарлық сессия барысында қатысушылар нарықтағы қатысушылар ауқымын мақсатты түрде кеңейту және инфрақұрылымға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету нарықтағы салауатты бәсекелестікті күшейтуге бағытталғанын атап өтті. Жаңа ойыншылардың пайда болуы қаржы секторының дамуын жеделдетіп, жаңа құзыреттердің келуіне жол ашып, банктер мен технологиялық компаниялар арасындағы өзара тиімді серіктестіктің қосымша мүмкіндіктерін қалыптастырады деп күтіледі.
Жаңа қатысушылар төлем нарығы мен цифрлық активтер нарығы арасында реттелетін арна қызметін де атқаратын болады. Бұл ретте олар үшін капиталға, цифрлық инфрақұрылымға және ақпараттық қауіпсіздікке қойылатын күшейтілген талаптар қарастырылған.
Ұлттық цифрлық инфрақұрылым іс жүзінде
Нарықтағы жаңа қатысушылардың дамуы Қазақстанның қаржылық инфрақұрылымын кең ауқымды трансформациялаудың жалғасы болды. Саммитте бүгінде елімізде Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының барлық негізгі компоненттері – банкаралық төлемдер, цифрлық теңге, биометрия және қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл құралдары табысты жұмыс істеп жатқаны атап өтілді.
Жылдың маңызды нәтижелерінің бірі – Банкаралық мобильді төлемдер жүйесінің іске қосылуы. 19 шілдеден бастап телефон нөмірі бойынша аударымдар және Бірыңғай QR арқылы 20 млн-нан астам транзакция жасалып, олардың жалпы сомасы шамамен 400 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар цифрлық теңгені дамыту жұмыстары жүріп жатыр: 2026–2027 жылдары онымен жасалатын операциялар көлемі 2 трлн теңге деңгейінде болады деп күтіледі. Ұлттық банктің өнеркәсіптік пайдалануға енгізілген жүйелерінде жасанды интеллект негізіндегі оннан астам шешім қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр.
Цифрлық активтер нарығы да белсенді дамып келеді: реттеушілік құмсалғышта 34 жоба іске асырылып жатыр, ал Ұлттық крипторезервке 700 млн АҚШ доллары бөлінді.
Қауіпсіздік – салалық стандарт
Бағдарламаның жарқын оқиғаларының бірі пайдаланушыларды қорғау саласындағы индустрияның нақты жетістіктерін көрсеткен National Antifraud Awards 2026 марапаттау рәсімі болды. Қазірдің өзінде 270-тен астам қатысушыны біріктірген Ұлттық Антифрод-орталығы экожүйелік тәсілдің жоғары нәтижелілігін көрсетті: 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша оның жұмысының арқасында 127 млрд теңге сомасындағы алаяқтық операциялардың уақытылы жолы кесілді.
Сыйлық ұйымдастырушылары үшін бұл антифрод жүйесінің тиімді жалпыұлттық қауіпсіздік институтына айналғанының негізгі дәлелі.
Инновацияларды қолдау және жаңа серіктестіктер
Саммит барысында Қазақстанның финтех-стартаптарына арналған Fintech Stars Battle байқауының да қорытындысы шығарылды. Бұл питч-сессия аясында банкирлерден, венчурлік қорлардан және IT-компаниялардан құралған қазылар алқасы блокчейн, жасанды интеллект, төлем жүйелері, цифрлық сәйкестендіру және ашық банкинг салаларындағы шешімдерді бағалайды.
Fintech Stars Battle 2026 байқауының бас жүлдегері және White Hill Capital компаниясынан SAFE шарты бойынша 100 000 АҚШ долларына дейін инвестиция алған жоба – SHART RATE. Бұл қауіпсіз онлайн мәмілелер жасауға арналған цифрлық платформа. Ол азаматтар мен бизнеске заңды күші бар шарттарды бірнеше минут ішінде жасауға және шарт талаптары бұзылған жағдайда сот шешімін жедел алуға мүмкіндік береді.
Басқа да финалистер серіктестерден маңызды жүлделерге ие болды. BEHYPE жобасы (CEO – Айгерім Бейсембина), инфлюенсер-маркетинг платформасы мен блогерлерге арналған финтех-картаны дамытып келе жатқан жоба ретінде, Tumar Innovation Hub ұйымдастырған Дубайдағы акселерациялық бағдарламаға қатысу мүмкіндігін жеңіп алды. BYTRADER стартапы (CEO – Муслим Абдуллаев) AI құралдары мен тәуекелдерді басқару функциялары бар сауда терминалын ұсынып, Yandex Cloud компаниясынан 6 млн теңге көлемінде грантқа ие болды.
-Бұл байқау аясындағы негізгі міндетіміз – командаларға нарықтың жетекші ойыншыларынан капитал мен бейінді сараптамаға тікелей қолжетімділік беру. Питч-сессия нәтижелері өңірде сұранысқа ие әрі қауіпсіз қаржылық технологияларды әзірлеуге қабілетті мықты командалар мен әзірлеушілер бар екенін көрсетті, – деп атап өтті Диас Саветканов, Kazakhstan Fintech Network бас директоры.
Central Asia Fintech Summit аясындағы пікірталастардың практикалық жалғасы жаңа халықаралық келісімдер болды. Іс-шара барысында халықаралық Tether және VEON компанияларымен елдің технологиялық және қаржы нарықтарында жаңа бірлескен жобаларды пысықтауға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды.
Трансшекаралық сервистерді дамыту және Орталық Азиядағы қаржылық интеграцияны нығайту жолындағы маңызды қадам Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ұлттық төлем корпорациясы мен Өзбекстанның ұлттық төлем жүйесі HUMO арасында Өзара түсіністік және әріптестік туралы меморандумға қол қою болды.
Құжат ұлттық QR-кодтарды өзара эквайринг жасауға негіз қалайды: Өзбекстан азаматтары Қазақстанда тауарлар мен қызметтер үшін қазақстандық ұлттық QR арқылы төлем жасай алады, ал қазақстандықтар Өзбекстанда бірыңғай ұлттық UzQR жүйесі арқылы төлем жүргізе алады. Бұдан бөлек, тараптар екі ел пайдаланушылары арасында банктердің үйреншікті мобильді қосымшаларын пайдалана отырып, аударымдар жүйесін дамытуды жоспарлап отыр.
«Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Жанар Самаева атап өткендей, серіктестіктің негізгі мақсаты – төлем сервистері пайдаланушылар үшін қолайлы, қауіпсіз әрі ұлттық инфрақұрылымдар деңгейінде өзара үйлесімді болатын технологиялық жағдай қалыптастыру.
Өз кезегінде HUMO Басқарма төрағасы Александр Сотников бұл жобаның өңірдегі трансшекаралық төлем шешімдерін дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті.
Айта кетейік, Central Asia Fintech Summit (CAFS) 2026 – өңірдің қаржы және технология секторларының негізгі іс-шарасы. Ол цифрлық экономиканың және қаржы нарығының болашағын талқылау үшін банк секторының топ-менеджерлерін, мемлекеттік сектор өкілдерін және финтех-компанияларды біріктіреді.
Осыған дейін Қазақстан жыл соңына дейін Қытаймен шекарааралық QR төлемдерін іске қосатыны туралы жаздық.