Министрдің айтуынша, Іскерлік кеңес екі ел кәсіпкерлері арасындағы тұрақты әрі институционалдық тұрғыдан орнықты байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
— Қазірдің өзінде ынтымақтастықтың нақты негізі қалыптасты: Қазақстан Сербияға металдар, астық, мұнай-химия өнімдері, минералды тыңайтқыштар мен азық-түлік экспорттайды. Ал Сербиядан машина жасау өнімдері, дәрі-дәрмек, азық-түлік тауарлары және технологиялық шешімдер импортталады, — деді Арман Шаққалиев.
Министр басым бағыттарды атады:
• Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі (қайта өңдеу, бірлескен өндірістер, үшінші нарықтарға шығу)
• Машина жасау және компоненттер өндірісі
• Цифрландыру, IT-шешімдер және стартап-экожүйе
• Көлік-логистика инфрақұрылымы және мультимодальды дәліздер
• Жасыл технологиялар, жаңартылатын энергетика және энергия тиімділігі
• Фармацевтика және медицина өнеркәсібі
— Қазақстан сербиялық инвесторларға ашық. Біз қолайлы жағдай ұсынып, ашық әрі түсінікті жұмыс ережелерін, институционалдық қолдау мен бірлескен жобаларды іске асыруға кең мүмкіндіктер беруге дайынбыз, — деді министр.
Еске салсақ, Сербия Президенті Александр Вучич Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 26–27 ақпанда Қазақстанға ресми сапармен келеді.