Сербия Қазақстан үшін Еуропадағы маңызды стратегиялық серіктес — Тоқаев

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Сербия Қазақстан үшін Еуропадағы маңызды стратегиялық серіктес. Бұл туралы Ақордада елімізге ресми сапармен келген Сербия Президенті Александр Вучичпен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

— Дипломатиялық қарым-қатынастарымыздың орнағанына 30 жыл толуы қарсаңында, айрықша символдық кезеңде келіп отырсыз. Бұл шынында да өте маңызды әрі шынайы достығымыз бен өзара құрметімізді айғақтайтын белес саналады. Сербия біз үшін Еуропадағы маңызды стратегиялық серіктес. Қарым-қатынастарымызды одан ары тереңдетуге, ынтымақтастығымызды әртүріл бағыттарда дамытуға әзірміз, — деді Президент. 

Мемлекет басшысының атап өтуінше, екі елдің парламентаралық қарым-қатынасы да өте белсенді. Сауда-саттық да артып келе жатыр.

— 60-қа жуық серб компаниясы елімізде табысты жұмыс істеп тұр. Кеше ғана Қазақстан-Сербия іскерлік кеңесінің отырысы өтті. Отырыс нәтижесіне оң баға беремін. Ол екі елдің сауда-экономикалық әрі инвестициялық байланыстарын жандандыруға ықпал ететіндігіне сенемін. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық да күн тәртібінде маңызды орын алады. Халықаралық ұйымдар аясында да өзара іс-қимылды жалғастырып келеміз. Осы ретте Сербияның халықаралық бастамаларымызды қолдағаны үшін шынайы ризашылығымызды білдіреміз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Сербия Президенті Александр Вучичті Ақордада қарсы алған еді.