Сербия мен Еуропаның бірқатар елінде орман өрттері өршіп тұр

АСТАНА. KAZINFORM – Сербияның бірнеше өңірін шарпыған орман өрттерін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Тілсіз жаудың таралуына аптап ыстық пен құрғақшылық әсер етуде, деп хабарлайды Euronews .

Видеодан алынған скрин

Сербияның солтүстік-шығысындағы «Делиблат құмдары» табиғи қорығында ірі өртті сөндіруге жерүсті бөлімшелері мен тікұшақтар жұмылдырылды. Жергілікті биліктің мәліметінше, өрт кемінде 700 гектар аумақты шарпыған. Қорық Белградтан шығысқа қарай шамамен 50 шақырым жерде орналасқан.

Елдің оңтүстігіндегі Кралево қаласының маңында да орман өртеніп жатыр. Бірнеше ауылдың тұрғындары эвакуацияланды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, небәрі бірнеше күннің ішінде 60 гектардан астам қарағайлы орман жанып кеткен.

– Шығын орасан. Бұл жас қарағайлы орман еді. Қарағайлар 1980 жылдары отырғызылған, – деді жергілікті тұрғындардың бірі Associated Press агенттігіне.

Сербияның орталық бөлігіндегі Ибар өзенінің аңғарында тағы бір ірі өрт шықты. Өрт сөндірушілер ұшақ-амфибиялардың көмегімен жетуі қиын аумақтарда жұмыс істеп, жақын маңдағы ауылдарды өрттен қорғауға күш салуда.

Өткен аптада Сербия гидроэлектр станцияларындағы электр энергиясын өндіру көлемін қысқартуға мәжбүр болды. Елдегі ең ірі екі гидроэлектр станциясының қуаты жобалық көрсеткіштің тиісінше 20 және 30 пайызына дейін төмендетілді.

Оңтүстік-Шығыс Еуропада да аптап ыстық сақталып тұр. Италияның солтүстігіндегі Эмилия-Романья аймағының жетуі қиын Ведриано ауданында орман өрті шықты. Оны сөндіру жұмыстары бейсенбі күннің екінші жартысынан бері жалғасып жатыр.

Италияның барлық ірі қаласында аптап ыстыққа байланысты ең жоғары деңгейдегі ескерту жарияланды.

Көршілес Францияның оңтүстігіндегі Вар департаментінде болған ірі орман өрті қазіргі уақытта таралмай тұр. Алайда жаңа өрт ошақтарының пайда болу қаупіне байланысты аймақта өрт сөндірушілердің едәуір күші сақталған.

– Бұл өте ұзаққа созылуы мүмкін өрт. Мысалы, таңертең біз негізінен дайындық жұмыстарымен айналысамыз, өйткені жел мен ауа температурасының көтерілуіне байланысты қауіп күннің екінші жартысында күшейеді, – деді Марсель теңіз өрт сөндірушілер батальонының аға сержанты Энтони.

20 шілдеде басталған өрт 60 шаршы шақырымнан астам аумақты шарпыды. Бұл – кейінгі ондаған жылдағы өңірде болған ең ірі орман өрті.

«Еуропадағы климаттың жай-күйі – 2025» баяндамасына сәйкес, Еуропа әлемдегі ең жылдам жылып жатқан құрлық болып отыр. Мұндағы температура дүниежүзілік орташа көрсеткішпен салыстырғанда шамамен екі есе жылдам көтерілуде. Мамандар климаттың жылынуына байланысты аптап ыстық кезеңдері жиілеп, күшейе түсетінін ескертеді.

Айта кетейік, Түркияда 44 орман өртіне қатысты тергеу жүргізіліп, күдіктілер қамауға алынды.