Сербия мен Хорватияда аптап ыстықтың жаңа толқыны басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Сербия мен Хорватия аумағында ауа температурасы 40 градусқа дейін көтерілген кезекті қатты ыстық толқыны тіркелді. Мамандар орман өрттерінің шығу қаупі жоғары екенін ескертіп, тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырды. Бұл туралы Анадолы жазды.

Фото: Анадолы

Сербияда ауа температурасы 40 градусқа жетті

Сербияда термометр бағанасы 40 градусқа дейін көтерілді. Ел премьер-министрі Джуро Мачут ауа райының күрт ысыуы мен өзендердегі су деңгейінің төмендеуіне байланысты шұғыл кеңес өткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша Мачут БАҚ өкілдеріне құрғақшылық салдарынан Дунай өзеніндегі су деңгейінің рекордтық төмендеуін билік жіті бақылап отырғанын айтты. Сондай-ақ ол азаматтарды электр энергиясын үнемді пайдалануға шақырды.

Сербияның метеорологиялық қызметі қазіргі ыстық толқыны орман өрттерінің пайда болу қаупін арттыратынын ескертіп, тұрғындарға аса сақ болуға кеңес берді.

Синоптиктердің мәліметінше, Сербияда жоғары температура апта бойы сақталады. Кей өңірлерде ауа температурасы 40 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.

Хорватияда «қызыл деңгейдегі» қауіп жарияланды

Хорватияның метеорологиялық қызметі осы аптада ел аумағына жаңа аптап ыстық толқыны әсер етіп жатқанын хабарлады. Осыған байланысты бүкіл мемлекет аумағында «қызыл деңгейдегі қауіп» жарияланды.

Қатты ыстық салдарынан дененің шамадан тыс қызу қаупі артып отырғандықтан, балалар мен егде жастағы адамдардың жағдайына ерекше назар аудару, мүмкіндік болса күннің ең ыстық уақытында сыртқа шықпау және сұйықтықты көбірек ішу ұсынылды.

Айта кетейік, Хорватияның Пула қаласында таңертең ауа температурасы 40,4 градусқа жетсе, Риека қаласында 40 градус тіркелді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Оңтүстік Кореяда температуралық рекорд орнатылды.