ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз xатшысы Айбек Смадияровтың айтуынша, Сербия басшысы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен келеді.
«9 қазанға Александр Вучичтің Қазақстан Президентімен кездесу жоспарланған. Бұдан бөлек, мәртебелі мейман Қазақстан-Сербия іскерлік форумына, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI сьезінің ашылуына қатысады. Ал бір күн бұрын, яғни 8 қазанда Қазақстан мен Сербияның экономика жөніндегі үкіметаралық комиссияның екінші отырысы өтеді деген жоспар бар. Аталған іс-шараның күн тәртібіне сауда-экономикалық байланыстар, геология, көлік, туризм, құрылыс және ауыл шаруашылығы мәселелері кіреді. Қазақстан тарапынан комиссияны ҚР Ұлтық экономика министрі Тимур Сүлейменов, ал Сербия тарапынан экономика министрі Горан Кнежевич басқарады», - деді А.Смадияров Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Ресми ақпаратқа сәйкес, ағымдағы жылы алты айдың ішінде Қазақстан мен Сербия арасындағы сауда-саттықтың көлемі 16,7 млн АҚШ долларын құрады. Қазіргі кезде Қазақстанда 20-дан астам сербиялық компания тіркелген. Олардың басым бөлігі көтерме және бөлшек саудамен, сондай-ақ, тұрғын-үй мен коммерциялық нысандардың құрылысымен айналысады.
«Сербия президентінің сапары барысында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылады. Соның ішінде Қазақстан мен Сербия үкіметтері арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім, сондай-ақ, Қазақстанның Қоғамдық даму министрлігі мен Сербияның жастар саясаты және сопрт министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум бар», - деп атап көрсетті А.Смадияров.