Сербия президенті шампан ішемін деп, айыппұл төледі

АСТАНА. Желтоқсанның  9-ы. ҚазАқпарат  -  Әлем  чемпионатының іріктеу матчында  Румыния   командасын жеңген ұлттық   құраманың   жеңісінің  құрметіне шампан   атқан   Сербия  президенті  Борис  Тадич 400 еуро көлемінде айып   төлеуге  мәжбүр болды.

Істің  мән-жайына келер болсақ,  Борис Тадич   отандастарының    әлемдік  біріншілікке  шығу  жеңісін   Белград  стадионының VIP-мінбесінде  отырып  тойлаған.  Ал Сербияда қолданыстағы  заң  бойынша,   спорттық  нысандардың  іші  түгілі,  маңында  алкогольдік ішімдіктер    тұтынуға    тыйым  салынған,  деп   хабарлайды   ҚазАқпарат ВВС телекомпаниясына сілтеме  жасап.

Журналистер  мемлекет басшысын  осынау тарихи  сәтте  суретке  түсіріп  үлгерген.     Және   Тадичтің       жеңісті    осылай    тойлауына  негіз  де болған:    сербтер  румындарды  5:0 есебімен  жеңген.

Қол сұғылмаушылық   мәртебесінен   бас тарта отырып,  Сербия  президенті сотта өзіне    тағылған     айыпты  толық  мойындады.    Ол  сондай-ақ,     стадиондарда  спирттік ішімдік ішуге тыйым  салынған  заңның бар  екенін білмегенін мойындады. 

Серб  футбол жанкүйерлерінің  көптеген  бұзақылық  әрекеттеріне байланысты,  алкогольге тыйым  салынған  болатын.