Сербия Президентімен сұхбат: Арамыз алыс болса да, тағдыр тоғыстырған сәттеріміз бар

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Сербия Президенті Александр Вучич Silk Way телеарнасына эксклюзив сұхбат берді. Балқан елінің басшысы Қазақстанмен ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындап, сауда-экономикалық байланысты арттыру, логистика мен «Орта дәлізді» дамыту, агроөнеркәсіп, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы бірлескен жобалар туралы айтып берді.

— Президент мырза, сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін үлкен рахмет. Сіз Қазақстанды жақсы білесіз, біздің елге бірнеше рет келдіңіз. 2024 жылы Қазақстан Президентінің Сербияға алғашқы ресми сапары өтті, ол екіжақты қарым-қатынастардың жаңа тарауын ашты. Белградта қол жеткізілген екіжақты келісімдердің іс жүзіндегі нәтижелері қандай?

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Белградқа сапары тарихи, маңызды және мазмұнды болды деп санаймын. Содан бері біз түрлі жобаларды қолға алдық және екіжақты ынтымақтастығымыздың даму перспективалары бұрынғыдан едәуір кеңейді.

Сапар аясында менің ұшағымды Су-30 жойғыш ұшақтарымен қатар ұшып қарсы алу — мен үшін үлкен құрмет болды. Бұл — Қазақстан тарапынан менің еліме және жеке өзіме деген жоғары сыйластықтың айқын көрінісі. Қазақстанның қонақжайлылығы барша әлемге белгілі. Сонымен қатар бұл біздің жолымыздың басы ғана екенін атап айтқым келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев — әлемдік беделді көшбасшылардың бірі, мол тәжірибесі бар саясаткер әрі баршамен диалог жүргізе алатын адам. Қазіргі көпвекторлы сыртқы саясат жағдайында бұл сирек кездесетін және өте құнды қасиет ретінде бағаланады. Оның Сербияға сапарында біз ынтымақтастықтың бірқатар негізгі бағыттарын белгіледік. Олар — жасанды интеллект, цифрландыру, IT-сектор, ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы, сондай-ақ әскери-техникалық ынтымақтастық және технология алмасу. Бүгінде біздің мемлекеттер арасындағы тауар айналымы шамамен 120 миллион долларды құрайды. Біздің мақсатымыз — оны бес жылда 1 миллиард долларға дейін жеткізу.

— Енді, логистикаға көшсек. Халықаралық көлік бағыты туралы сөз болғанда «Орта дәліз» аталып кеткен Транскаспий тақырыбы ойға келеді. Осы жаһандық жеткізу тізбегінде Балқандағы тасымал хабы саналатын Сербияның орны қандай?

— Бұл біз үшін жылдан-жылға маңызды мәселеге айналып келеді. Егер бұл туралы осыдан 3-4 жыл бұрын сұрасаңыз, ештеңе айта алмас едім. Ал бүгін мен Қытайдағы Нанкин мен Сианьнан бастап, өзге қалаларға дейін, сосын Каспий теңізі арқылы Құрық пен Ақтау порттарына қандай нүктелер мен қалалардан өтіп жете алғандарыңызға дейін анық білемін. Одан әрідегі бағыт — Түркия, Әзербайжан және Грузия, София немесе Қара теңіз, Констанца және Бухарест арқылы өтеді. Біз екі бағытпен де тығыз байланыстамыз және логистиканы дамытуды басым мақсат етіп отырмыз.

Қазіргі уақытта Қытай — Қазақстанның басты сауда серіктесі, ал 2-3 жылдан кейін Сербия үшін де солай болатынын ескерсек, бұл логистикалық байланыстар өте үлкен маңызға ие болып отыр және біз оларды жыл өткен сайын белсендірек пайдалана бермекпіз.

Президент Тоқаев өте ақылға қонымды, байсалды әрекет етеді: ол бағыттарды оңтайландырып, жолды қысқартып, жаңа жолдар салып, жоспар бойынша бағытты шамамен 900 шақырымға қысқартып отыр. Бұл Қытаймен, Орталық Азиямен, Қазақстанмен және жалпы өңірмен ынтымақтастық орнатқан тараптардың барлығы үшін өте маңызды. Қазақстан мен Президент Тоқаев дұрыс бағытта келе жатқанына сенімдімін. Біз олардың үлгісін ұстанып, барлық бағытқа жақын болу үшін логистикамызды дамыта түспекпіз.

Фото: Jibek Joly

— Астана мен Белград арасында жақын арада осы салада қандай бірлескен өнеркәсіптік жобалар пайда болуы мүмкін?

— Мен мұны бүгін Президент Тоқаевпен талқылаймын, жалпы өзім көптеген идеялармен келдім.

— Оңтүстік-Шығыс Еуропаға қазақстандық жүктер мен ресурстарды жеткізуде Сербия өзін негізгі «қақпа» ретінде қарастырып отыр ма?

— Солай деп үміттенемін. Біздің ұлттық әуе компаниямызға және «бесінші еркіндік» құқықтарына байланысты, сіздердің мемлекеттік немесе жеке меншік әуе компанияларыңыз Белградқа ғана емес, басқа бағыттарға ұша ала ма деген сұрақтар болды. Егер мұны дұрыс жасай алатын бір ел болса, бұл сөзсіз, Қазақстан. Қазір аптасына екі рет ұшатын тікелей рейс іске қосылған, бұл да сауда қызметін жандандыруға көмектеседі.

— Азық-түлік қауіпсіздігі тақырыбына ауыссақ, бұл тіпті ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Қазақстан ресурстарға, ал Сербия — аграрлық сектордағы технологияларға бай.

— Иә, сіздердің ресурстарыңыз көп, сіздер бізден арнайы тұқым сатып аласыздар. Ал енді бізден бұрынғыдан да көбірек өнім ала аласыздар, біз де сіздерден едәуір көбірек өнім саудаласақ дейміз. Осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Сіздердің сауда мамандарыңызды осы саладағы ынтымақтастықты жақсарту үшін Сербияға шақыруымыз керек.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығында, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуде спутниктерді, биотехнологияларды және жасанды интеллектіні қолдану жайы сөз болып отыр. Мен осы бағыттардың бәрінде тығыз ынтымақтастық орната алатынымызға сенімдімін.

— Қазір агротехнологиялық кластер құруға қолайлы уақыт туды ма? Бұл өршіл мақсатты жүзеге асыру үшін қандай қадамдар қажет?

— Иә, қолайлы уақыт деп есептеймін. Мені формалды процедуралар тым қызықтырмайды, себебі біз оларды басқа елдермен салыстырғанда әлдеқайда оңай шеше алатынымызға сенімдімін. Адамдар келісім орнатқысы келсе, бұл іс оңай орындалады.

Мен Президент Тоқаевтың кезекті Қазақстан халқына жолдауын мұқият оқыдым. Ол су ресурстарының маңызды екенін атап өтті, менің ойымша, бұл азық-түліктің тек сауда тақырыбы емес, егемендік мәселесі екенін де көрсетеді. Су да — тамақ сияқты өте маңызды. Бұл Президент Тоқаевтың халық алдындағы жауапкершілігін және алдағы онжылдықта бірінші кезекке су мен азық-түлік мәселесі шығатынын анық түсініп отырғанын көрсетеді.

Біз осы бағыттарға, сондай-ақ қорғаныс өнеркәсібіне ерекше назар аударамыз. Дәл осы салалар болашақ ынтымақтастықтың негізіне айналады.

— Сауда саласына қатысты, Сіз сауда айналымы әзірге әріптестіктің әлеуетін толық ашпайтынын айттыңыз.

— Келесі жылы ілгерілеу болады деп күтемін, бірақ ол үшін ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізу қажет.

— Сіздің ойыңызша, 2026 жылы қандай салалар өсімнің «локомотивіне» айналуы мүмкін?

— Барлық сала маңызды. Жоғарыда айтқанымдай, біз барлық бағытта алға жылжуымыз керек: әскери-техникалық ынтымақтастық, технология трансфері, ауыл шаруашылығы, энергетика сияқты бағыттардың бәрінде бірлесіп жұмыс істей аламыз. Президент Тоқаев екеуіміздің де Парсы шығанағы елдерінде, әсіресе Біріккен Араб Әмірліктерінде жақсы байланыстарымыз бар. Ондағы дербес қорлар арқылы түрлі міндеттерді бірлесіп шеше аламыз.

Бүгін мен өз идеяларымды Президент Тоқаевқа да, БАӘ Президентіне де ұсынамын. Бір жағынан мен Президент Тоқаевқа сәл қызыға қараймын, себебі ол ешқашан қол жеткізген жетістіктеріне тоқмейілсімейді. Сонымен бірге, мен Қазақстанның жастарды шетелде оқытуда, шетелдік университеттерді тартуда бізден озық екенін көріп отырмын. Біз де осы үдерістің бір бөлігі болғымыз келеді.

— Сіз Сербияның цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы жетістіктерін атап өттіңіз. Мәселен, сіздерде Дүниежүзілік экономикалық форумның қолдауы аясында жұмыс істейтін Төртінші өнеркәсіптік революция орталығы бар.

— Иә, мысал келтіріп өтейін. Бізде 10-12 жыл бұрын ауыл шаруашылығы ЖІӨ-нің шамамен 10-11% құрайтын, қазір 4% ғана. Бұрын біз аграрлық ел ретінде танымал болдық. ІТ-сектор ол тұста 3,5% деңгейінде болса, бүгінде ЖІӨ-нің 13%-на жетті. Бұл үлкен өсім.

Біз Төртінші өнеркәсіптік революцияға дер кезінде қосыла алдық. Қазір жаңа революциялар бұрынғыдан да жылдам әрі ауқымды ықпалмен жүріп жатыр. Жасанды интеллект әлемді өзгертуге қауқарлы. Бұған ешкім толық дайын деп ойламаймын, тіпті АҚШ пен Қытайдың өзі де.

— Ал қазір жасанды интеллект бәсекесі жүріп жатыр.

— Иә, Қытай мен АҚШ-тың деңгейі шамалас. Өзгелердің бәрі артта қалып келеді. Ең бастысы, біздің жаңашылдыққа қаншалықты ілесе алатынымызда. Қазақстан бұл бағытта жақсы жұмыс істеуде, біз де тырысып жатырмыз. Дегенмен мен одан да жоғары нәтижені қалаймын. Бұл жерде ынтымақтастық үшін күш біріктіре аламыз.

— Яғни, мысалы, тұрақты инфрақұрылым қалыптастыруда бір-бірімізді толықтыра аламыз ба?

— Дәл солай. Әңгіме деректер орталықтары мен суперкомпьютерлер тақырыбында болып отыр. Президент Тоқаев электрмен жабдықтау мәселелері жайында айтқан еді, бірақ бұл оңай шаруа емес.

Иә, сіздерде газ, мұнай және басқа да ресурстар бар. Бірақ жасанды интеллект пен электромобильдер дәуірінде бүкіл жүйені қамтамасыз ету — күрделі міндет. Электр желісі орасан зор жүктемеге төтеп беруі тиіс, бұл бұрын-соңды кездескен қиындықтардың бәрінен де күрделірек.

— Біз сіздің Астанадағы халықаралық АІ орталығына баратыныңызды білеміз.

— Иә, мен оны асыға күтіп отырмын.

Фото: Jibek Joly

Халықаралық саясатқа көшейік. Сербия — табысы ортадан жоғары ел, ал Қазақстанды қазіргі таңда жауапты орта держава деп атап жүр. Сіз оның өңірдегі және әлемдегі рөлін қалай сипаттар едіңіз?

— Қысқаша айтайын. Мен Қазақстан қол қоятын кез келген құжатты қолдай аламын. Бізді ортақ мүдделер біріктіреді: ол — БҰҰ Жарғысын және Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын сақтау. Біз Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен егемендігін қолдадық, ал Қазақстан әрдайым Сербияның аумақтық тұтастығы мен егемендігін қолдап келеді. Мұндай ұстаным жалғаса береді.

Бұл — тамаша ынтымақтастық. Біз бір-бірімізге сенеміз және халықаралық құқық жиі еленбей, жаһандық жағдай күннен-күнге тұрақсыз әрі бейберекет сипат алып отырған бүгінгі әлемде ұстанымдарымыз ұқсас деп есептейміз.

— Осы күрделі геосаяси жағдайда Сербияның Қазақстанмен өзара іс-қимылын стратегиялық тұрғыдан қалай айқындайсыз?

— Екі мемлекет те көпвекторлы саясат жүргізіп отыр. Сіздердің Президенттеріңіз — көреген, елінің мүддесін бәрінен жоғары қояды. Ол Қытаймен ынтымақтастықты дамытып, Еуропалық одақпен сауда, экономикалық және саяси байланыстарды нығайтып, Америка Құрама Штаттарымен қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп келеді, жуырда бұл бағытта батыл әрі маңызды қадамдар жасалды. Сонымен қатар Ресеймен дәстүрлі байланыстар мен достық қатынастар сақталған. Біз де осы саясатты ұстанып отырмыз. Мен сіздердің Президенттеріңізбен жоғары саяси басшылықтарыңызға шынайы түрде тәнтімін, өйткені олар көпвекторлы саясатты жай ғана жариялап қоймай, оны дәйекті түрде жүзеге асырып келеді.

— Сөз соңында айта кетейін, Астанада әйгілі Никола Тесланың атымен аталған көше бар. Сондай-ақ Белградта қазақ-серб достығы аллеясы бар екенін білеміз. Болашақта қос елдің мәдени жақындасуының тағы қандай символдары пайда болуы мүмкін?

— Менің ойымша, біз Қазақстан тарихын тереңірек тануымыз керек. Сондықтан Президент Тоқаев Белградта Қазақстанның Ұлттық мәдени орталығын салуды ұсынды. Біз бұл жобаны жүзеге асыру үшін барлық қажетті лицензияларды, жер телімдерін және өзге де рұқсаттарды береміз. Бұл өте маңызды.

Бұған қоса тағы бір мәселені атап өткім келеді. Қызыл армия Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде біздің партизан жасақтарымен бірге Сербияны азат еткенін білесіздер. Алайда біз Қызыл армия құрамында Белградты азат етуде Қазақстанда жасақталған бөлімшелердің елеулі рөл атқарғанын жақында ғана білдік. Біз тарихқа жаңаша көзқараспен қарап, маңызды оқиғаларға тағы кімдердің қатысқанын анықтап, сіздердің тарих бен мәдениеттеріңізді тереңірек зерделей бастадық.

Менің ойымша, бүгінгі жақындығымыздың сыры да осында: арақашықтық алшақ болса да, ортақ тарихымыз бен тағдыр тоғыстырған сәттеріміз бар. Байланыстарымызды нығайтып, ынтымақтастық деңгейін арттыру бізге зор жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді. Ал мен Президент Тоқаевты мүмкіндігінше тезірек Сербияға шақыру үшін бар күшімді саламын. Біздің болашағымыз жарқын.

— Құрметті Президент, уақытыңызды бөліп, сұрақтарға берген жауабыңыз үшін рахмет.

— Шақырғаныңызға рақмет.

Айта кетейік, келіссөз қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Александр Вучич Бірлескен мәлімдеме қабылдап, стратегиялық салалар бойынша бірқатар меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар, Сербия Президенті Александр Вучич Қазақстанның ең жоғары наградасы «Алтын қыран» орденімен марапатталды.