Сербияда Батыс Ніл безгегі індетінен 20 адам көз жұмды

АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Сербияда Батыс Ніл безгегі індетінен екі ай ішінде 20 адам, соның ішінде ел астанасы Белградта 11 адам көз жұмды. Жергілікті Денсаулық сақтау министрлігі мәліметтеріне қарағанда, барлығы 177 адам осы індетке ұшыраған, деп хабарлайды Росбалт.

Вирусты жұқтырған бірінші жағдай шілденің басында тіркелген. Көз жұмғандардың ешқайсысы ел аумағынан кетпеген, бұл аурудың Сербияның өзінде таралғанын білдіреді.

Батыс Ніл безгегі - вирусты ауру, ол масалар арқылы таралады. Ми қабықтарының қабынуымен және шырышты қабықтың зақымдануымен сипатталады. Вирусты, бірінші кезекте, құстар, адамдар және басқа көптеген сүт қоректілер тез жұқтырады.