Сербияда қазан айында кезектен тыс парламент сайлауы өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Сербияның кезектен тыс парламент сайлауы 18 немесе 25 қазанда өтеді, нақты күні алдағы күндері жарияланады.

Фото: report.az

Бұл туралы Сербия президенті Александр Вучич RTS телеарнасына берген сұхбатында айтты.

— Бір тізімде биліктегі Сербияның прогрессивті партиясы өз тізімімен, ал екінші тізімде қалған барлық саяси күштер болады, — деді ол.

Сербиядағы парламент сайлауы бастапқыда 2027 жылдың желтоқсанына жоспарланған.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, 27 маусымда Александр Вучич отставкаға кететінін мәлімдеді. Бұл шешім Нови-Сад теміржол вокзалындағы шатырдың құлауынан 16 адамның қаза табуына байланысты басталған үкіметке қарсы ұзаққа созылған наразылықтардан кейін қабылданды.

Сонымен қатар ол елде мерзімінен бұрын парламенттік және президенттік сайлау өтетінін айтты. Наразылық білдірушілер бұған дейін де мерзімінен бұрын сайлау өткізуді талап еткен болатын.

Вучич елді 12 жыл басқарды, ал оның екінші президенттік мерзімі 2027 жылдың ортасына дейін жалғасуы тиіс. Сербия конституциясына сәйкес, бір адам мемлекет басшысы ретінде екі мерзімнен артық қызмет ете алмайды.

Сарапшылардың айтуынша, егер Сербияның Прогрессивті партиясы парламент сайлауында жеңіске жетсе, Вучич премьер-министр болып қалуы мүмкін.

Бұған дейін Сербияда мерзімінен бұрын парламенттік сайлау 2026 жылы өтетінін хабарладық.