Сербияда тәртіпсіздіктер жалғасып жатыр

Фото: day.az

АСТАНА. KAZINFORM – Сербияда президент Александр Вучичтің жақтастары мен қарсыластары арасындағы қақтығыс екінші күннен бері жалғасып жатыр, деп хабарлайды DW ақпарат агенттігі. 

– 30-ға жуық қалада кем дегенде 42 полиция қызметкері жарақат алған, оның 26-сы – Белградта, жалпы саны 37 наразылық білдіруші ұсталды, - деп хабарлады Ішкі істер министрі Ивица Дачич 15 тамызға қараған түні. 

Елдің солтүстігіндегі Нови-Сад қаласында наразылар Вучич басқаратын Серб прогрессивті партиясының штаб-пәтеріне басып кіріп, екі кеңсенің терезелерін сындырып, жиһазын алып кетті. Белградта үкімет қарсыластарына отшашулар атылып, көшелерде тәртіпсіздік орнады. 

Дачич полицияны Нови-Садтағы наразылық білдірушілерге қарсы жеткілікті түрде қатаң шара қолданбағаны үшін сынға алды. 

Президент тұтқындаулар санын көбейтуге уәде берді. Вучич сонымен қатар полиция, сот және прокуратурада реформалар жүргізілетінін мәлімдеді. 

Сербиядағы наразылық шерулері 2024 жылдың қарашасынан бері Нови-Сад қаласындағы жуырда жөнделген теміржол вокзалының шатыры құлағаннан кейін жалғасып отыр. Салдарынан 16 адам қаза тапты. 

Қайғылы оқиғадан кейін құрылыс министрі Горан Весич отставкаға кетіп, кейін станцияны қалпына келтіруге қатысқан тағы 12 адаммен бірге ұсталды. Шерушілер қайғылы оқиғаға сыбайлас жемқорлық, салғырттық және құрылыс кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтамау себеп болғанын айтып, биліктен жауап беруді талап етіп отыр. 

Наразылық акциялары кезінде Сербия премьер-министрі Милош Вучевич отставкаға кетті. 

Бұған дейін Сербиядағы тәртіпсіздіктерден 70-тен астам адам жарақат алғанын жазған болатынбыз.