Сербияда төртінші түн қатарынан толқулар жалғасып жатыр

Фото: Darko Vojinovic/Copyright

АСТАНА. KAZINFORM – Сербияда оппозиция жақтастары төртінші түн қатарынан Белград, Нови-Сад және басқа да ірі қалаларда полиция бөлімшелері мен билеуші партия кеңселерінің алдына жиналды, деп хабарлайды Euronews.

Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбаларда Белград көшелерінде түтін, өрт ошақтары мен жарылыс дауыстары байқалады. Полиция мен жандармерия билеуші Сербиялық прогрессивтік партия кеңсесін қоршап, қақтығыстардың алдын алуға тырысқан. Нови-Садта жұма күні кешкісін тұрғындар полиция басқармасы алдына жиналып, оларға акция кезінде соққыға жығылған байкерді қолдауға келген белградтық мотоциклшілер қосылды.

Кралево қаласында да наразылар көшеге шығып, полиция партия кеңсесі орналасқан көшені қоршауға мәжбүр болды.

Сербия ІІМ дерегінше, соңғы үш күнде 121 полиция қызметкері мен шамамен 80 азамат жарақат алған. 114 адам ұсталып, олардың 34-іне қылмыстық іс қозғалған. Билік наразыларды тарату кезінде күш қолданғанымен, оппозиция полицияны шамадан тыс шаралар қолданды деп айыптауда.

Елдегі наразылықтар өткен жылдың қараша айынан бері жалғасып келеді. Ол кезде Нови-Садтағы теміржол вокзалында бетон жабындысы құлап, 16 адам қаза тапқан еді. Оппозиция билікті «жемқорлық пен жазасыздық мәдениетін қалыптастырды» деп айыптап, қарашадағы қайғылы оқиғаға министрлер мен жауапты шенеуніктерді жауапқа тартуды талап етіп отыр.

Айта кетейік, Сербия президенті Вучич келесі сайлауда кандидатурасын ұсынбайды.