Серена Уильямс «Ролан Гаррос» турнирінің ақтық сынында жеңіліп қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Франция ашық чемпионатының ақтық сынында испан теннисшісі Гарбинье Мугуруса америкалық даңқты спортшы Серена Уильямсты жеңіп кетті, деп хабарлады Lenta.ru турнирдің ресми сайтына сілтемемен.

22 жастағы Мугуруса - әлемнің 4-інші ракеткасы. Ол 2 партияда 7:5, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Өткен жылы қос теннисші Уимблдонның финалында жолыққан. Ол жолы Уильямс 6:4, 6:4 есебімен басым түскен.

Испандық теннисші өз мансабында алғаш рет «Үлкен дулыға» дәрежесіндегі турнирдің бас жүлдесін еншілеп отыр. Ал Уильямс болса, «Ролан Гаррос» турнирінде 3 мәрте жеңіске жеткен. 

Айта кетейік, Серена Уильямс ширек финалда қазақстандық Юлия Путинцевамен ойнап, үш сет қорытындысы бойынша отандасымызды жарыс жолынан шығарған болатын.