«Сергек» бұдан былай бағдаршамның қызыл түсіне өткен жаяу адамды да түсіріп алады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтандағы «Сергек» камераларының жұмысына қосымша функция енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласының 26 реттелетін жаяу жүргіншілер өткелінде «бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту» бұзушылықтарын анықтау бойынша «Сергек» аппараттық бағдарламалық кешенінің қосымша функциясы әзірленіп, енгізілді.

Бұл жаңалық «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» жедел-алдын алу іс-шарасын жүргізу шеңберінде іске қосылған.

Полиция 2021 жылы қаланың жаяу жүргіншілер өткелінде 98 жол-көлік оқиғасы орын алғанын атап өтті.

Жаяу жүргіншілерді реттелетін өткелде 38 мәрте және реттелмейтін өткелде 60 мәрте көлік қағып кеткен.

Салдарынан 100-ге жуық адам түрлі дәрежеде дене жарақатын алды.

Полиция департаменті жол қозғалысының барлық қатысушыларына бір-біріне өзара құрмет көрсетуді, ал жүргізушілерге абай болуды және жаяу жүргіншіні көргенде жылдамдықты төмендетуді ұсынады.