«Сергек» өзін қашан ақтайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда көшелеріне мемлекеттік-жекешелік серіктестік арқылы орнатылған «Сергек» камералары инвестордың салған қаржысын 5-7 жылда қайтарады. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында «Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ вице-пр езиденті Айдос Көбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сергекке қатысты сұраққа жауап берейін, айыппұлдардан түскен шығындардың барлығы мемлекеттік бюджетке түседі. Ал инвесторлар мемлекетпен жасасқан келісімшартында көрсетілген жеке сыйақыларды алып отырады. Жоба 5-7 жылдың ішінде өзін толығымен ақтап шығады», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Ал «Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Матаев мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағытында еліміздің кәсіпкерлері белсенділік танытып отырғандығын айтты.

«Мысалы, медицина саласында Ақтөбе облысында ірі офтолмологиялық орталық пен жедел жәрдем стансасы салынады. Әр жобаның құны 4-5 млрд теңге көлемінде. Бұл отандық кәсіпкерлердің мемлекетке көмегі. Ал мемлекет кәсіпкерлерге көмек ретінде қаржыны бірден бөлмей, жыл сайын олардың шығынын келісімшартта көрсетілген мерзім ішінде инвестиция ретінде қайтарады. Заңда қайтару мерзімі 3 жылдан 30 жылға дейін деп көрсетілген. Жалпы, әр жобада өзінің көлемі бар - 5, 10 жыл. Осы уақыт аралығында мемлекет сол қаржыны қайтарады. Қазіргі таңда теңгенің бағамы тұрақты. Бірақ инфляция да ескеріледі»,- деді Талғат Матаев.