***
«Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бакпен кездесті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Алыс та жақын Корея» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Мемлекет басшылары кездесу барысында қазіргі уақытта әлем жұртшылығының назарын халықаралық деңгейде аударып отырған бірқатар мәселелерді сөз етіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-технологиялық және мәдени-гуманитарлық салалар бойынша өзара іс-қимыл мәселелерін, сондай-ақ энергетика, туризм және ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады. «Күншығыстан күліп атқан таң шапағын жұрттан бұрын қарсы алатын, жағалауын Жапон, Шығыс-Қытай және Сары теңіздердің толқыны сүйген бұл ел бізден шынымен шалғайда-ақ жатыр. Алайда, егер ниеттер тоғысса, қазіргідей уақытта жер шалғайлығы бұйым болып па?!», - деп жазады басылым.
Осы басылымның жазуынша, кеше елордадағы Тәуелсіздік сарайында ТҮРКСОЙ мүшелерінің ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиялары мен комитеттерінің үшінші кеңесі жұмысын бастады. Кеңес жұмысына ТҮРКСОЙ құрамына кіретін 14 мемлекет пен Ресейдің автономиялық өңірлерінің өкілдері, Түркі кеңесі және ЮНЕСКО-ның өңірлік кеңселерінің жетекшілері, сондай-ақ еліміздегі бірқатар министрліктер мен мекемелердің басшылары, көрнекті ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысуда. Мақала «Тарихи-мәдени құндылықтарды жаңғыртуға ниеттестік» деген тақырыппен берілген.
***
Биылғы апшыны қуырған ыстық, ыстық па? «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің», жер дүние өртенер ыстық келер жылы болмақ. Әлемнің ауа райын қадағалап отырған Батыс ғалымдары осылайша дабыл қағуда. Бұл жайында «Айқын» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Келер жылы күйіп қалмаңыз!» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. «Алдағы жазда бұрын-соңды болмаған қатты ыстық болады. Оның зардабы әлемнің барлық нүктесінде сезілмек. Сондықтан қамды осы бастан жасай беру керек» деседі ғалымдар. Олардың есебінше, ыстық төрткүл дүниенің көп жерінде апталап, айлап 35-45-50 градусты көрсетіп тұрып алмақ. Бұл өсімдік тұрмақ адамның денсаулығына да үлкен әсер ететіні белгілі», - деп жазады басылым.
«Соңғы кездері серігіңмен босану шетелде ғана емес, біздің елге де енді. Тіпті оған медицина мамандары да кетәрі емес, қайта хош көреді-міс. Босану кезінде күйеуінің қасында болуы - дәрігерлерге қосымша көмек дейтін де бар. Алайда «әр елдің салты басқа» демекші, жұбайыңмен бірге босану қазақ дәстүріне жат емес пе?!», - деп жазады «Айқын» газеті «Серігіңмен бірге босану сәнге айналды ма?» деген тақырыптағы мақаласында. Сондай-ақ басылым осы мәселеге қатысты бірқатар маманның да пікірін қоса берген. Мәселен, діни басқарма қызметкері Бурхан Абдулхакім: «Серігіңмен бірге босану - қазақ дәстүрінде бұрын-соңды болған емес, ол батыстан келген нәрсе. Шариғатымыз бойынша, босануға күйеуінің кіруі маңызды болған жағдайда, яғни қасында анасы, жақын туысқандары болмаған кезде ғана рұқсат етіледі»,- дейді.
***
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында Қазақ онкология жіне радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Қуаныш Нұрғазиевпен арадағы сұхбат «Кез келген мамандықты меңгеру оңай, ал медицинаны оқу өте ауыр» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ғалым: «Азаматтар өз денсаулықтарына тиісті дәрежеде жауапкершілікпен қарамайды. Белгілі бір жүйеге келген жауапкершілік ұстанымдары жолға қойылмаған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша денсаулықтың 50 пайызы адамның өзіне, атап айтқанда, оның өмір сүру салтына байланысты болса, тек 10 пайызы ғана дәрілерге байланысты болады екен», - дейді.
***
«Бүгін Алматының барлық емханаларында қала күнінен орай ашық есік күні өткізіледі. Қалалықтар профилактикалық тексеруден тегін өте алады», - деп жазады «Известия-Казахстан» басылымы. Газеттің атап өтуінше, ашық есік күндері тек қана мерекелерде ғана емес, сонымен қатар апта сайын қаланың барлық емханаларында өткізіледі.