Серік Ахметов ҚР-ның шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктері басшыларымен инвестиция тарту мәселелері жөнінде бейнеконференция өткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Сыртқы істер министрлігінде бейнеконференция форматында Қазақстанның шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктері басшыларымен кеңес өткізді, деп хабарлады www.primeminister.kz сайты.

Бұл тапсырманы Мемлекет басшысы осы жылғы 14 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында айтқан болатын.

Кеңесте Премьер-Министрдің орынбасары - индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, бірқатар дипломатиялық өкілдіктердің басшылары сөз сөйледі.

Кеңесті аша отырып, Серік Ахметов «қазіргі кезде арнайы жұмыс тобы құрылуда, оның ауқымында таяудағы уақытта инвесторлар үшін жаңа ынталандыру жолдарын пысықтап, инвестициялар тартудың кешенді жоспарын жасау қажет», - деп атап өтті.

«Қазақстандық елшіліктер бұл бағытта белсендірек жұмыс жасауы тиіс және біз сіздерден нақты нәтижелер күтеміз», - деді Премьер-Министр дипломаттарға қарата айтқан сөзінде. Үкімет басшысы Қазақстан инвестициялар үшін ашық, деп атап көрсетті.

«Біз инвесторлар үшін барлық жағдайлар жасаймыз. Ел Президентінің нақты тапсырмасы бар: инвесторлар үшін мөлдір қағидалар жасау қажет. КО мен БЭК ауқымындағы біздің салық салу жүйеміз ең тартымды екенін ескеретін болсақ, Қазақстан инвесторлар үшін жақсы алаң», - деді С.Ахметов. Кеңестің қорытындысымен С.Ахметов ҚР СІМ-ге, дипломатиялық өкілдіктер басшыларына трансұлттық корпорациялардың, ірі компаниялардың басшыларымен кездесулер өткізуді тапсырды.

«Біз қандай салаларда ынтымақтасуымыз қажет екендігін жіті білуге тиіспіз. Қазақстанда жұмыс жасауға тілек білдірген әлеуетті инвесторлардың тізімі ағымдағы жылдың 10 наурызына дейін қалыптастырылуы тиіс», - деп қосты Премьер-Министр.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы шетелдік инвесторлардың қазақстандық әріптестерімен кездесулерін ұйымдастыруға нұсқау берді. «Бұл жұмысқа барлық салалық мемлекеттік органдарды, холдингілерді, ұлттық компанияларды және Ұлттық кәсіпкерлер палатасын тарту қажет. Оның нәтижесі нақты уағдаластықтар болуы қажет», - деп атап көрсетті С.Ахметов. Премьер-Министр сондай-ақ өкілетті органдарға, ұлттық компанияларға «қазақстандық өнімдерді экспортқа жылжытуға бағытталған сауда миссияларын өткізу жоспарын жасауды» тапсырды.