Серік Ақшолақов ақтөбелік науқастардың жұлын ісігіне ота жасады

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде өтіп жатқан «Туған жер» форумына Ұлттық нейрохирургия орталығының директоры Серік Ақшолақов келіп, бірнеше ота жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күрделі отаны Астанадағы орталықта жасайтын Серік Ақшолақов туған жерге келіп, бірнеше шеберлік сабағын өткізді. Ол екі ота жасады.

«Ақтөбе медициналық орталығы мен Ұлттық нейрохирургия орталығы тығыз байланысты жұмыс істейді. Орталықта дүниежүзінің 60-тан астам жаңа технологиясы енгізілсе, оның тең жартысын өңірлер меңгеріп, тәжірибеде қолданып жүр. Шеберлік сабақтары Астанадағы орталықта болса, бүгін мен Ақтөбеде ота жасадым. Жұлын ісігіне ем жасалды. Аурухананың мамандары білікті, бөлімшеде жоғары технологиялы аппараттар бар. Алдағы уақытта клиникалық фармация бөлімшесін енгізуді жоспарлап отырмыз. Ақтөбе медициналық орталығымен ынтымақтастық меморандумына қол қойылады», - деді Ұлттық нейрохирургия орталығының директоры Серік Ақшолақов.

Ақтөбе медициналық орталығы жаңа эндоскопиялық аппарат сатып алды. Ұлттық орталық мамандары сол аппаратты тәжірибе жүзінде қолдануға көмек көрсетеді.

«Біз көбіне науқастарды Астанаға алдырып ота жасаймыз. Себебі бұл саланың құрал-жабдығы өте қымбат, ота ұзақ жасалады. Ақтөбеге келген кезде екі ота жасалды. Тағы бірнеше науқастың отаға дайындығын қарап жатырмыз. Егер отаға дайын болса көмек көрсетіледі. Бірнеше науқасқа кеңес берілді. Ақтөбеде медицина университеті бар. Сондықтан өңірдегі нейрохирургтердің тәжірибесі мол, білікті », - деді Серік Ақшолақов.