Серік Апрымовтың «Бауыр» фильмі Венеция кинофестивалінің «Көкжиектер» байқау бағдарламасына енді

АЛМАТЫ. 26 шілде. ҚазАқпарат - Серік Апрымовтың «Бауыр» фильмі тамыздың 28-і мен қыркүйектің 7-сі аралығында өтетін 70-ші Венеция кинофестивалінің «Көкжиектер» байқау бағдарламасына іріктеліп алынды. «А» класындағы ең ірі және беделді фестивальдердің бірі саналатын Венеция кинофестивалінің негізгі байқауына 20 кинотуынды қатыспақ.

Олардың ішінде Хаяо Миядзакидің «Жел күшейді» анимациялық фильмі, «Зеро теоремасы» триллері, Джеймс Франконың «Тәңірдің баласы» әлеуметтік драмасы, Ксавье Доланың «Том фермада жүр», Джон Керраның «Соқпақтар», Стивен Фрирздің «Филомена», Джонатан Глейзердің «Менің орнымда болсаң», Келли Ричардтың «Түнгі қимылдары» бар. Ал әлемдік кинематографтың жаңа үрдістерін бейнелейтін «Көкжиектер» байқауына іріктелген 31 картинаның қатарына АҚШ-тың «Пало-Альто», Италияның «Натюрморт», Францияның «Батыс жігіттерімен» бірге Қазақстанның «Бауыры» еніп отыр. Оған америкалық режиссер және сценарист Пол Шредер бастаған қазылар алқасы төрелік жасайды. Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның баспасөз қызметінің хабарлауынша, әйгілі Канн және Берлин кинофестивальдерімен тең дәрежедегі бұл доданың биыл негізгі және басқа да конкурстық байқауларына көрші Ресей елінің бірде-бір фильмі ене алмаған көрінеді. Бұған дейін онда 18 жыл бұрын, яғни 1995 жылы Дәріжан Өмірбаевтың «Кардиограмма» фильмі негізгі конкурстық бағдарламаға енген болатын.