Серік Жақсыбеков Астана қаласы мәслихатынан Сенат депутаттығына кандидат ретінде ұсынылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Серік Жақсыбеков қазанның 1-інде өтетін ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауына кандидат ретінде ұсынылды. Бұндай шешім Астана қалалық мәслихатының кезектен тыс отырысында қабылданды.

«ҚР Парламенті Сенаты депутаттығына кандидат ретінде Астана қаласы мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, «Цесна» копорациясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Жақсыбеков Серік Рыскелдіұлын ұсынамын», - деді кандидатура ұсыну туралы сөз сөйлеген мәслихат депутаты Қайрат Ахметов.

Бұл ретте Қайрат Ахметов кандидаттың өмірбаянына қысқаша тоқтала келе, оның елордадағы тұңғыш кәсіпкерлердің бірі екенін, қазіргі таңда «Цесна» корпорациясына басшылық жасап отырғанын мәлім етті. «Серік Рыскелдіұлы мәслихат депутаты ретінде де ағымдағы жұмыстарға етене араласып, сессияларда белсенділік танытты», - деді ол. Талқылау барысында қалалық мәслихат С. Жақсыбековтің кандидатурасын қолдап, бірауыздан ұсыну туралы шешім қабылдады.

Еске сала кетейік, ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР Парламент Сенаты депутаттарының сайлауы ағымдағы жылғы қазанның 1-іне тағайындалды. Соған орай, сенатор ретінде кандидаттарды ұсыну мәслихаттар сессияларында, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер мәслихаттардағы өкілдері арқылы өз кандидаттарын ұсыну мүмкіндігі де бар.

Жақсыбеков Серік Рыскелдіұлы 1956 жылы 1 наурызда Қостанай облысы Қарабалық ауданы Бөрлі ауылында дүниеге келген. 1979 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын (Астана қаласы) ауыл шаруашылығының электрификациясы мамандығы бойынша, 1997 жылы - Қазақ Мемлекеттік басқару академиясы жанындағы нарық институтын халықаралық экономикалық қатынастар мамандығы бойынша бітірген.

Целиноград электр жүйелері кәсіпорындарын басқарды. Қазақстан КП Шортанды аудандық комитеті ұйымдастыру бөлімінің инструкторы, аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігі партия комитетінің хатшысы, Целиноград қалалық атқарушы комитеті төрағасының көмекшісі, Целиноград қалалық әкімшілігі басшысының кеңесші-консультанты, Ақмола Целинный аймақтық кедені бастығының орынбасары, ҚР ҚМ Ақмола облысы бойынша Кедендік басқарманың бастығы қызметтерін атқарды.

1997 жылдан бастап 2007 жылға дейін - «Цесна» корпорациясы» АҚ Басқармасының төрағасы, 2007 жылдың наурызынан - «Цесна» корпорациясы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы.