Серіктестік қанатын кеңге жайып келеді - Қызылорда облысы

None
ҚЫЗЫЛОРДА. Шілденің 1-і. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) -Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған индустриялық-инновациялық дамудың бесжылдық жоспарының алғашқы кезеңінде аймағымызда бірқатар ауқымды істер ат­қарылуда.

Экономикамыздың серпінді дамуына, тұрақты жұмыс көздерін ашуға бағытталған жобалар жүйелі іске асуда. Осындай маңызды жобалардың қатарына «УАД» ЖШС-нің бүгінгі таңда іске асырып жатқан қадамдарын айтуымызға болады.

«УАД» ЖШС еліміз тәуелсіздік алған тұстан, яғни, 1991 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Нарықтық экономикаға көшкен тұста небәрі 50 жұмысшымен ісін бастаған серіктестік ұжымында қазір 700-дей адам еңбек етуде. Өңіріміздегі ірі құрылыс нысандарының жұмыстарына белсене араласатын серіктестіктің қызмет көрсету аясы кеңейген.

Компания осы уақытқа дейін 1000 шақырым жол құрылысын салуға өз үлесін қосты. Оның 460 шақырымы күрделі жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар «Қызылорда-Құмкөл» күре жолының 190 шақырымын салды. Республикалық маңызы зор «Самара-Шымкент» автокөлік жолын қайта жөндеу жұмыстарында елеулі істермен көзге түсті.

2006-2007жылдары Жаңақорған ауданындағы «Хорасан» урандық кен орнында «КазАтомПром» ұлттық ком­паниясының тапсырмасымен 47 шақырым­дық жерге асфальт-бетон төседі.

2007-2008 жылдар аралығында «Тайқоңыр- Рудник» елді мекені аралығындағы жолдың екінші кезеңі бойынша құрылыс жұмысын сәтті аяқтады. Бұл «КазАтомПром» ұлттық компаниясының иелігіндегі салааралық жол құрылысы болып табылады. Дер кезінде аяқталған жұмыс нәтиже­сінде 97 шақырымдық жол асфальт-бетон тө­сенішімен көмкерілді.

Өткен жылы компания «Жол картасы» бағдар­ламасына сәйкес бірнеше жолды күрделі және орташа жөндеуден өткізді. Бұл ретте Қызылорда қаласындағы Астана, Абай даңғылдары мен Жаппасбай батыр, М.Шоқай, Панфилов көшелері бойынша нақты жұмыстар атқарылды.

Жол салуға қажетті құрылыс материалдарын жергілікті жерде өндірудің тиімділігі әлдеқашан дәлелденген. Бұрын серіктестік шағын көлемде жол- құрылыс материалдарын шығаратын болса, бүгінде оның қызмет көрсету аясы ұлғаюда. Серіктестіктің жылдық орташа қаржы айналымы қазіргі таңда 5-7 млрд. теңгені құрап отыр.

Аталмыш компания өз қаражаты есебінен сырттан әкелінген инвестиция нәтижесінде екі үлкен жобаның құрылысын аяқтады. Оның біріншісі - жылына 180 000 тонна өнім шығару мүмкіндігі бар битум зауыты болса, екіншісі - Жаңақорған ауданы мен облысымызда жылына 15000 тонна минералды ұнтақ шығаратын өндіріс орны.

«УАД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде заман талабына сай екі компьютерлендірілген асфальт-бетон зауыты орналасқан. Алғашқысы Германияның өнімі «Тельтомат» зауыты болса, Италия фирмасынан әкелінген «МАRІNІ» зауыты сағатына 175 тонна өнім шығарады. Сонымен қатар жылына 15 000 тонна минералды ұнтақ дайын­дайтын диірмен және мұнай қышқылынан тәулігіне 500 тонна битум өндіру бүгінгі күннің сұранысынан туындап отыр. Өз ретінде «УАД» мекемесі инертті құрылыс карьерлерін дайындауда да тәжірибелі серіктестік саналады. Мәселен, Бесарық елді мекенінде орналасқан Жаңақорған ауданында жылдық келісім бойынша 500 000 шаршы метр құмды қоспа өндірілді. Ал Жаңақорған ауда­нындағы Шалқия кен орнында 600 000 шаршы метр қиыршық тас өңделді. Алдағы уақытта Шиелі ауданында екі карьер ашу жоспарлануда.

Барлық мамандандырылған өндіріс карьерлері бөлімшелерінің тиімді жұмыс жасауы үшін олардың шығарған өнімдерін ұсақтап және елеп-екшеп отыратын Түркиядан әкелінген үлкен қондырғы бар. Ол тапсырыс берушілердің тілегіне сәйкес сағатына 130-200 тонна өнімді ұсақтап, елеу жұмыстарын жасайды.

Жуырда іске қосылған жобалық құны 700 млн. теңге болатын битум шығаратын зауыт құрылысы бүгінде тәулігіне 500 тонна өнім өндіру қуатына ие. Онда битумның бірнеше маркалары шығарылады.

«УАД» серіктестігі аймағымыздағы бірқатар әлеуметтік нысандарға, спорт мектептеріне, балабақша мекемелері мен жекелеген адамдарға қол ұшын беріп, әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Сондай-ақ серіктестік еліміздегі мамандардың кәсіби жоғарылауына, олардың тәжірибе алмасу жұмыс­тарына демеушілік жасайды.

Шартарапты жалғастыратын маңызды жоба­лардың бірі Батыс Еуропа - Батыс Қытай күре жолының құрылыс жұмыстарына да аталмыш компания мамандары өз үлесін қосуда. Автобанның 40 шақырым жолын салу мекемеге жүктелген. Қосалқы мердігер компаниялардың бірі болып табылатын «УАД» жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігі маңызы зор халықаралық күре жолдың сапалы болуына лайықты үлес қосады деген сенім мол.