Серік Сәпиев миллион долларлық ұсыныстан бас тартты

АСТАНА. KAZINFORM – Лондон Олимпиадасының чемпионы, қазақстандық боксшы Серік Сәпиев кәсіпқой боксқа ауысу үшін ұсынылған бір миллион доллардан не себепті бас тартқанын түсіндірді. Бұл туралы ол «Спорт Mix подкаст» YouTube арнасына берген сұхбатында айтты., деп хабарлайды INFORMSPORTS .

Фото: aikyn.kz

Сәпиевтің сөзінше, қомақты қаржы туралы ұсыныс Геннадий Головкиннің жекпе-жегіне барған кезде жасалған. Сол жерде Серхио Мартинеспен байланысы бар промоутер қазақстандық боксшымен келісімшарт жасасу үшін бір миллион доллар төлеуге дайын екенін жеткізген.

Алайда Сәпиев ағылшын тілін білмегендіктен, ұсынысты бірден түсінбеген. Промоутер кетіп қалған соң ғана оның айтқан сөздерін аударып берген.

Олимпиада чемпионы сол уақытта ақша табуды басты мақсат етпегенін атап өтті. Өйткені ол спорттық мансабын аяқтап, Қазақстан бокс федерациясында қызмет атқарып, кейін «Astana Arlans» клубын басқарған.

— Ол кезде ақша табу туралы көп ойлаған жоқпын. Бокстан кеткеніме бір жарым жылдай уақыт болған еді. Егер кәсіпқой боксқа ауыссам, Олимпиададағыдай деңгейде өнер көрсете алмаймын деп ойладым. Әрине, спорттық бабымды қайта жинауға болатын шығар. Бірақ сол кезде бұрынғы деңгейімді көрсете алмайтын болсам, кәсіпқой боксқа барудың қажеті қанша деген ой болды, — деді Сәпиев.

Айта кетейік, Серік Сәпиев 2012 жылы Лондон Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алып, турнирдің ең техникалық шебер боксшысына берілетін Вэл Баркер кубогын иеленген.

Сондай-ақ ол екі дүркін әлем чемпионы (2005, 2007), екі дүркін Азия чемпионы (2007, 2009) және 2010 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы атанған.

Сәпиев 2012 жылдың желтоқсанында спорттық мансабын аяқтаған. Оның айтуынша, миллион долларлық ұсыныстан бас тартуына қаржыдан гөрі өзінің спорттық деңгейін сақтап қалуға деген ұмтылысы әсер еткен.

Айта кетелік Әлімханұлы мен Банктің титулдық жекпе-жегінің өтетін орны мен уақыты нақтыланған еді.