Серік Шәпкенов Жайық жағалауындағы елді мекендерді су тасқынынан қорғау жұмысын тексерді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Жайық жағалауындағы елді мекендерді су тасқынынан қорғау жұмысын тексерді. 

Фото: Атырау облысының әкімдігі

Атырау облысы әкімдігі баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, су тасқынына қарсы 522 шақырым бөгет салынған. Су айдынының жағалауына құм толтырылған 5 миллионнан астам қапшық төселген.

Фото: Атырау облысының әкімдігі

Қазір Махамбет және Индер аудандарындағы елді мекендерді су тасқынынан қорғау жұмысы әлі тоқтаған жоқ. Өйткені Жайық өзеніндегі су деңгейі күн сайын көтеріліп жатыр. Мәселен, бүгін, 10 мамырда сағат 12:00-де Махамбет ауылында Жайық өзенінің деңгейі 927 сантиметрге жетті. Бұл қауіпті деңгейден 77 сантиметрге көп. 

Ал, Индер ауданының орталығы – Индербор кентінің тұсында 1016 см құрады. Мұнда қауіпті шектен 171 сантиметрге асып тұр. Атырау қаласындағы гидробекетте Жайық өзенінің деңгейі – 530 см.

Фото: Атырау облысының әкімдігі

Махамбет ауданында Жайық өзенінің жағалауына салынған бөгеттің ұзындығы – 65,5 шақырым, орташа биіктігі – 3 метр. Қосымша 1,5 шақырым бөгетті көтеру және нығайту жұмысы жүргізілген.

Фото: Атырау облысының әкімдігі

Серік Шәпкеновтің пікірінше, Махамбет ауданындағы Талдыкөл ауылында жағалауды эрозиядан қорғау үшін қосымша жұмыс жүргізу, бөгетті одан әрі нығайтуды жалғастыру қажет. Мұндай жұмыс Сарайшық ауылында да жүргізіледі. 

Қазір Жайық өзеніндегі су кейбір ауылдардың тұсында жағалаудағы бөгетке тіреліп тұр. Осыған байланысты Индербор кентінде 2 600 метр бөгетті нығайту жұмыстары күшейтіледі. Бұл жұмысты атқаруға 15 техника тартылған. Осы аудандағы Елтай ауылында бөгетті нығайту ісіне 70 әскери қызметкер мен еріктілер жұмылған. Оларға 4 техника бөлінген. 

Фото: Атырау облысының әкімдігі

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Жайық өзеніндегі су деңгейі Атыраудағы Индерборда – 10, Махамбетте 9 метрден асқанын жазған едік. Ал, Махамбет ауданында екі ауылдың арасындағы жол жырылып, қатынас уақытша тоқтады.