Серік Жұманғарин АҚШ-тың баж саясаты туралы: болмаса басқа нарықтарды іздейміз
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжілістің жалпы отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында АҚШ-тың Қазақстан экспортына енгізген баж мөлшерлемесі туралы пікір білдірді.
— Бұл оқиғада біз ақпарат алып қана отырған тараппыз. Әзірге біз ешкімге қарымта баж енгізу мәселесін қарастырып отырған жоқпыз. Бізге қарсы енгізілген баждардың көп бөлігі жұмыс істемейді. Өйткені біз ұсынатын тауарлар ерекше тізімде. Қазақстан шикізат тауарлары бойынша Еуропа мен Америка елдері үшін сенімді жеткізуші болып есептеледі. Уран, шикі мұнай, күміс, көміртегі деңгейі жоғары феррохром — ерекше тізімдегі тауарлар. Енгізілген баждың ол тауарларға ықпалы жоқ, — деді Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, АҚШ-тың Қазақстан экспортына енгізген баж мөлшерлемесі екі арадағы алыс-беріске 5 пайыз көлемінде ғана әсер етеді.
— Әсері тауарлардың 5 пайызына ғана, шамамен 100 млн доллардың экспортына ғана әсер етеді. Қарау керек, біз ұсынатын баға жаңа бажға төтеп бере ме, нарық қаншалықты икемді, маржа мөлшерін қаншаға түсіруге тура келеді. Болмаған жағдайда кетіп, басқа нарықтарды іздеуге тура келеді, — деді ол.
Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚҚС салынатын айналымның төменгі шегі 40 млн теңге болуы мүмкін екені белгілі болды.