Серік Жұманғарин азық-түлік бағасына қатысты түсінік берді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда өндірілетін азық-түлікке валюта бағамының өзгеруі әсер етпеуі тиіс. Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин айтты.
Бүгін Парламент Мәжілісінде тілшілер таяуда дүкен сөрелерінде азық-түліктің қымбаттауы мүмкіндігіне қатысты сұрақ қойды.
Өз кезегінде С.Жұманғарин азық-түліктің айтарлықтай қымбаттамайтынын айтты.
- Жаңажылдық мереке қарсаңында қандай да бір дүрбелең болуы мүмкін. Дәстүрлі түрде жыл аяғында сұраныстың тым жоғары болуы салдарынан бағаны көтеріп жатады. Яғни тұрғындар осы уақыт аралығында азық-түлік пен тауарларды бірден көп көлемде сатып алады. Бұл ретте нарықта ұсыныстан сұраныс көлемі арта түседі де, баға өседі, - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Серік Жұманғарин қысқа мерзімде доллар бағамының өзгеруі азық-түліктің құнына әсер етпейтінін айтты.
- Импортталатын өнімдердің кейбір қымбат сегменттерінде баға өсуі ықтимал. Мәселен, Франциядағы фуа-граны алсаңыз, қымбатқа түсетіні белгілі. Өйткені сіз оны шетел валютасына сатып аласыз. Сондай-ақ шетелдік қымбат шараптарды сатып алатындар да осындай жағдайға тап болады. Ал Қазақстанда өндірілетін құс етіне немесе өзіміздің нанға доллардың қандай қатысы бар?, - деді Премьер-министрдің орынбасары.
Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бірыңғай уақыт белдеуінің адамдарға әсерін зерттеу мәселесіне қатысты пікір айтты.