Серік Жұманғарин баламалы салық режимі қай мұнай кеніштеріне қолданылатынын айтты

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Сенат депутаттары Салық кодексінің жаңа редакциясын бірінші оқылымда талқылап жатыр.

Талқылау кезінде Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге пайдалы қазба байлық игерушілердің жекелеген санатына неге баламалы салық режимі қолданылатынын сұрады.

Вице-премьер бұл режим кені таусылып бара жатқан мұнай кеніштерін барынша сарқып игеру үшін енгізілетінін еске салды.

- Қазба байлықтар игеру бойынша баламалы салыққа келсек, Каспий шельфінде тереңдігі 4 шақырымнан асатын кен орындарын пайдаланатын кәсіпорындарға арнайы механизмді қолдадық. Қазіргі таңда «Теңіз», «Қашаған», Қарашығанақ» жобаларын есептемесек, бүкіл шикізат өңдеу көлемінің тұрақты түрде төмендеуі байқалып отыр. Бұл бірінші инвестициялық циклдің аяқталуына байланысты. Сол себептен жаңа механизмдер керек. Мысалы, Қызылорда облысында соңғы 10-15 жылында мұнай өндіру көлемі 5 есе азайған. Қазір Маңғыстау облысын да осындай жағдай күтіп тұр. Тек геологиялық қиындықтармен байланысты емес, қордың сарқылуымен, кеніштің сулануымен де байланысты. Бұл кенішті игерушілердің мойнында әлеуметтік міндеттемелері бар. Ертең тоқтап қалса өңірдің әлеуметтік жағдайына қатты әсер етеді. Сондықтан сарқылып бара жатқан кен орындарындағы өндірісті жалғастыру үшін осындай баламалы салық режимі ұсынылып отыр, - деді ол.

Сондай-ақ, ол аталған режим қай жобаларға қолданылатынын атады.

- Оның өзінің сипаттамасы бар. Бұл – жаңа институт. Қазір қандай кен орындары бар? Олар – Өзенмұнайгаз, Маңғыстаумұнайгаз, Қаламқас, Ақтөбемұнайгаз, Кейқияқ үстіндегі тұзды қабат, ПетроҚазақстан Құмкөл, Торғай-Петролиум, Ембімұнайгаз, Балғымбаев, Жаңаталап, Жолдыбай, Мақат, Құлсары т.б кен орындарының бәріне қолдау жасалады, - деді Серік Жұманғарин.

Бұған дейін әдетте әр аптаның бейсенбі күні өтетін Сенаттың жалпы отырысы осы аптада дүйсенбіге ауыстырылғанын жазған едік. Осылайша сенаторлар аптаны Мәжіліс қабылдаған Салық кодексінің жаңа редакциясы мен бірқатар заңды талқылаудан бастап кетті