Серік Жұманғарин: Байлар көбірек салық төлеуге тиіс
АСТАНА. KAZINFORM – Бұрын салық заңнамасын өрескел бұзған құрылтайшылар мен компания басшыларына жаңа компания құруға тыйым салынуы мүмкін. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Салық кодексінің жаңа редакциясына осындай норма енгізуді ұсынды.
- Бизнесті бөлшектеумен күресті күшейту үшін заңды тұлғаларды тіркеуге қатысты өзгерістер ұсынылады. Құрылтайшылары немесе басшылары бұрын ауыр салықтық бұзушылықтар үшін жауапқа тартылған компаниялар жаңа заңды тұлғаны тіркей алмайды, - деді вице-премьер.
Сондай-ақ, ол кодекстің жаңа жобасы салық органдарының күшін ең тәуекелі жоғары жағдайларға бағыттайтынын айтады.
- Ұсынылған салық реформасы өз кірістерін жасыратын адал емес салық төлеушілерге, сондай-ақ салық салудың әділеттілігін арттыруға бағытталған. Байлар көбірек төлеуі тиіс, - деді министр.
Айта кету керек, Салық кодексінің жаңа редакциясында ҚҚС салынатын айналымның төменгі шегін 40 млн теңге деп белгілеу ұсынылып отыр.