Серік Жұманғарин ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру бастамасына жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ең төменгі жалақы мөлшерін 100 мың теңгеден асыру туралы ұсынысқа жауап берді.
— 2026 жылға арналған мақсатты трансферттерден бас тартылды. Бұл ретте Ұлттық қор қосымша 2,4 трлн қосымша қаражат алады. Дегенмен, оны қазір жұмсап, ең төменгі жалақыны көтере алар едік. Бірақ мұнымен қандай нәтиже аламыз? Менің ойымша, қазір база жасап, соған сүйене отырып көрсеткіштердің барлығын одан әрі көтеру керек, — деді С. Жұманғарин Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, қазір ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі күн тәртібінде тұр.
— Меніңше, ең төменгі жалақыны және жалпы жалақы деңгейін арттыру бастамасы іс жүзінде орындалатын күн алыс емес. Бұл мәселелер әрқашан біздің назарымызда. Әрине, халыққа жақсы жаңалықты жариялап жіберуге болады, бірақ қысқа мерзімге үзіліс жасайық, өйткені қазіргі құбылмалы жағдайды ескеру керек. Атап айтқанда, объективті және тұрақты мүмкіндік пайда болған кезде, оны бірден жүзеге асырамыз, — деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «2026 — 2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңы қаралды. Осы орайда Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің қорытындысында ең төменгі жалақының мөлшерін көтеру ұсынылған.