Серік Жұманғарин Қазақстандағы ХВҚ миссиясының басшысымен кездесті

Фото: primeminister.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Әли Джавад Әл-Эйдті 2025 жылғы 28 қаңтарда ХВҚ миссиясының басшысы лауазымына тағайындалуымен құттықтады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Серік Жұманғарин Қазақстан ХВҚ-ның сараптамалық қорытындысы мен ұсынымдарын әрдайым жоғары бағалайтынын, бұл еліміздің экономикалық саясатын қалыптастыру мен маңызды стратегиялық шешімдер қабылдау үшін таптырмас ресурсқа айналғанын атап өтті. 

Фото: primeminister.kz

- Қазақстан Қормен 30 жылдан астам уақыт жемісті ынтымақтастық орнатып, айрықша қолдауға ие болды. Біздің ХВҚ-мен ұзақмерзімді әріптестігіміз экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, Қазақстан экономикасының сапалы әрі орнықты өсуі үшін өте маңызды, - деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Кездесуге қатысушылар құрылымдық реформаларды жүзеге асыру, салық-бюджет саясатын жетілдіру және ұлттық қаржы нарығын дамытуға бағытталған жобалардың оң нәтижелерін атап өтті. Бұл жобаларды іске асыру барысында ХВҚ-ның тәжірибесі мен ұсынымдары ескерілгені айтылды. Сондай-ақ 2021 жылдан бері Алматыда жұмыс істеп келе жатқан ХВҚ-ның Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия әлеуетін дамыту жөніндегі өңірлік орталығының өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі ерекше атап өтілді. 

Фото: primeminister.kz

Сонымен қатар вице-премьер мен миссия басшысы мемлекеттің экономикалық нақты секторын қаржыландыру, бюджет-салық реформасын іске асыру жөніндегі жоспарларын, сондай-ақ өзара іс-қимылдың басқа да аспектілерін талқылады.

Серік Жұманғарин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша жиын өткізген болатын.