Серік Жұманғарин: Қытай — әлемдік көшбасшы, Орталық Азия да — әлеуеті мол өңір
АСТАНА. KAZINFORM — 2024 жылы Орталық Азия өңірі мен Қытай арасындағы сауда қарқыны 95 млрд АҚШ долларына жеткен және оның жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі болды. Осылайша, екіжақты сауда айналымы рекордтық 44 млрд долларға жетті. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елордада «Орталық Азия — Қытай» іскерлік кеңесінің екінші отырысында айтты.
Оның айтуынша, Орталық Азия елдерінің әлеуетін Қытай Халық Республикасының зор мүмкіндіктерімен біріктіру өзара мүдде мен серіктестік архитектурасын бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеруге жол ашады.
− Әрине, мұндай ілгерілеуге ең алдымен біздің елдер басшылары арасындағы шынайы достық пен сенімді қарым-қатынастар ықпал етеді. «Мемлекет басшыларының дипломатиясы» Орталық Азия мен Қытай арасындағы серіктестікті нығайтатын күшке айналды. Бізде барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты тереңдете түсуге зор мүмкіндіктер бар. Қытай шынымен де экономикалық және технологиялық салада әлем көшбасшыларының бірі саналады. Қытай компаниялары шығарған өнімдер сапасымен, сенімділігімен және инновациялылығымен танымал. Бұл ел әрдайым прогресс көшбасшысы болып, тұтас әлемдегі халықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға зор үлес қосып келеді, − деді Серік Жұманғарин іскерлік кеңестің ашылуында.
Орталық Азия да — қарқынды дамып келе жатқан, үлкен даму әлеуеті бар өңір, жан-жақты ынтымақтастық үшін бар жағдай жасалған. Қытай инвесторлары қатысқан трансұлттық жобалар аймақтың экономикалық өзара байланыс деңгейін арттыруға ықпал еткен.
Бүгінде Қазақстан мен басқа да Орталық Азия елдерінде экономикалық реформалар жүріп жатыр, олар екіжақты тиімді кооперацияға жаңа мүмкіндіктер ашады.
− Ең алдымен сауда-экономикалық ынтымақтастық — негізгі басымдығымыз. Орталық Азия өңірі мен Қытай арасындағы сауда қарқыны өте жылдам өсіп келеді. 2024 жылы бұл көрсеткіш 95 млрд АҚШ долларына жетсе, оның жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі болды. Осылайша, екіжақты сауда айналымы рекордтық 44 млрд долларға жетті. Болашақта біз екіжақты сауда көлемін екі есеге арттыруды жоспарлап отырмыз. Бұл үшін кедергісіз сауданы одан әрі дамыту және іскерлік ортадағы тікелей байланыстарды нығайту қажет, − деді Серік Жұманғарин.
Сонымен бірге, электрондық коммерция сауда қатынастарына жаңа импульс беріп, тауар мен қызметті жылдам алмасу мүмкіндігін ашқан.
− ҚХР төрағасының бастамасын қолдап, «Жібек жолы электрондық коммерциясының пилоттық аймағын» құру жөніндегі жобаға қатысуға дайын екенімізді растаймыз. Бізде «Alibaba» және «JD.com» электрондық платформаларында ұлттық павильондар ашу тәжірибесі бар, − деді министр.
Айта кетейік, бүгін елордада «Орталық Азия — Қытай» ІІ саммиті өтеді. Оған өңірдегі 5 мемлекеттің басшылары мен Қытай Халық Республикасының төрағасы қатысады.
Ең алғашқы саммит 2023 жылдың 19 мамырда Қытайдың Сиань қаласында өткен еді. Саммит қорытындысында Мемлекеттер басшылары Сиань декларациясына қол қойып, бірқатар бастаманы қабылдаған.