Серік Жұманғарин Вьетнам өкіліне электромобильдерге арналған батареяларды шығаруды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Вьетнам өнеркәсіп және сауда министрі Нгуен Хонг Зиенмен кездесті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Фото: Үкімет

«Вьетнам Қазақстан үшін Азиядағы маңызды серіктестердің бірі. ҚР Президентінің былтыр тамыздағы Вьетнамға ресми сапарының қорытындысы бойынша біз екіжақты қарым-қатынастарымыздың жоғары белсенділігін атап өтеміз: тауар айналымы 85% -ға өсіп, шамамен $1 млрд-қа жетті. Елдеріміз арасында аптасына 13 әуе рейсі орындалады. Ұшу географиясын кеңейтуге дайынбыз»,— деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Сонымен қатар вице-премьер вьетнамдық компанияларды Транскаспий халықаралық көлік бағытының мүмкіндіктерін зерттеуге шақырды. Бұл вьетнамдық экспортқа теңіз бағыттарына қарағанда шығыстан батысқа қарай 3-4 есе жылдам жүруге мүмкіндік береді, бұл шығындарды айтарлықтай азайтады.

«Біз ТХКБ Азия мен Еуропа арасындағы ең оңтайлы бағыт деп есептейміз. Сондай-ақ Ляньюньган теңіз портындағы Қазақстан-Қытай терминалының және Сиань құрғақ портының қуатын іске қосуды ұсынамыз», деді ол.

Кездесу барысында тараптар сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Вьетнам делегациясына электромобильдерге арналған литий-ион батареяларын өндіру үшін Қазақстандағы ірі литий кен орындарына назар аударуға ұсынылды, бұл Қазақстанның жоғары технологиялық секторының өсуіне, ал вьетнамдық автоөндірушілерге өздерінің бәсекелестік артықшылықтарын сақтауға мүмкіндік береді.