«Серпін» - жарқын болашақ жобасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықтың қоныстануы - өте күрделі әлеуметтік-экономикалық үрдіс болып табылады. Сол себепті оны халықтар географиясымен қатар демография, социология, этнография және басқа да ғылымдар зерттейді.

Халықтың ел аумағында дұрыс қоныстануы немесе қоныстану саясатының бағыты оңтайлы таңдалып, оның жүзеге асырылуы еліміздің аумақтық құрылымдарында өндіргіш күштерді тиімді орналастыруды қамтиды. Қоныстандырудың басты мақсаты - өндіріс салаларында экономикалық белсенді азаматтарды еңбек ресурстары ретінде тиімді пайдалану болып табылады.

Қазақстан республикасындағы қоныстану ерекшеліктері тарихи және географиялық аймақтық-экономикалық өзгешеліктерімен айқындалады. Атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстан облысында халықтың тығыз қоныстануы демографиялық үрдістердің де жоғарғы көрсеткіштерімен сипатталса, Солтүстік Қазақстан облысында сирек қоныстану мен демографиялық төменгі көрсеткіштермен сипатталуы байқалады.

Сирек қоныстанған аймақ несімен қауіпті? Мысалы, Ресейде Сібір мен Қиыр Шығыста халық өте аз сирек қоныстанған, бір сөзбен айтқанда сібірлік қалың орманды алқаптар бос жатыр және ол аймаққа Қытай елінен қоныс аударушылар таяу болашақта қауіп төндіріп отыр. Ұлттық қауіпсіздікке бұл үлкен қатер.

Біздің елде Оңтүстік Қазақстан облысында халық саны 2015 жылғы санақ қорытындысы бойынша 2 788 653 адам екен. Ал жер аумағы болса, 117,3 мың шаршы шақырым. Енді осы аумақтан сәл ғана кем, яғни 97, 99 мың шаршы атырапқа созылған Солтүстік Қазақстан облысында халық саны бар-жоғы 2015 жылғы санақ қорытындысы бойынша 571 759 адам екен. Яғни Оңтүстік өңірмен салыстырғанда 6 есеге аз.

Жалпы есепте Қазақстан халқы жыл сайын артып келеді. Біздің еліміздегі тұрғындар саны жыл сайын 200 мың адамға көбейіп отыр, яғни бес жыл сайын 1 млн. адам қосылып отырады деген сөз. Бастысы екі өңірдің екеуінде де халық санының көрсеткіші жыл сайын көбейіп отырғанымен, Солтүстік өңір қалай болғанда да еліміздің тым сирек қоныстанған ауданы болып қала береді.

Сол себепті халық солтүстік облыстарға қарай жылжуы керек. Дәл осыны ескергенде, Астананы көшіру демографиялық тұрғыдан, сөзсіз, оң шешім болды. Дей тұра, оның әсері әлі де жеткіліксіз еді.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ойланып жүргізілген демографиялық саясат, біріншіден, халықаралық нормаға қайшы келмейді, екіншіден, жедел даму стратегиясы жүзеге асқан жағдайда жергілікті тұрғындардың мүддесін қорғап, шетел жұмысшыларының республикаға келуін шектейді»,- деген болатын.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Назарбаевтың Мәңгілік ел идеясының шеңберінде 2014 жылдан бері «Серпін- 2050: Мәңгілік ел жастары - индустрияға» атты әлеуметтік жобасы жүзеге асырыла бастады. Оның басты мақсаты мен идеясы - халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы (Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстары) жастарды кадр жетіспеушілігін бастан кешіріп отырған Қазақстанның шығыс, солтүстік және орталық өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру.

Бұл бағдарлама оңтүстік өңірдің мыңдаған жас өрендеріне солтүстік, батыс, шығыс Қазақстанның колледждері мен жоғары оқу орындарында сапалы білім алуға мүмкіндік береді. «Серпін» бағдарламасы бойынша білім гранттарына ие болған студенттерге жатақхана беріледі және оқу орнын бітіргеннен кейін жұмысқа орналастыру қарастырылған.

Аталған бағдарлама аясында 2014 жылы 2050 жас оқуға түссе, 2015 жылы «Серпінге» бөлінген грант 3 есеге өсіп, 6200-ге жетті. 2016 жылы Серпінге бөлінге грант саны 3162 болды. Егер нақты мақсаттар мен идеялар жүзеге асатын болса, «Серпін-2050» әлеуметтік бағдарламасы жарқын болашақ жобасы екендігі айдан анық.