Бұл туралы Риддер қаласының әкімі Жомарт Мұратов ШҚО-да өткен ӨКҚ баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлады ақпарат орталығына сілтеме жасап «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Колледжге «Серпін» бағдарламасы бойынша 25 студент түскен. Оның 22-сі оқуды аяқтауда. 7-еуі ЖОО-да білімдерін жалғастырмақ, 15-ін қаланың өндірістік алаңдарына жұмысқа орналастыруды жоспарлаудамыз», - деді Риддер әкімі.
Риддер басшысы студенттер ата-аналарының қалаға қоныс аударуларын сұрады. Мәслихатта әкімдік «серпіндіктердің» ата-анасына жұмыс ұсынысы туралы хат жіберілгені айтылды. Бағдарламаның пәрменділігі мен нәтижелілігін түсінген ата-аналары басқа балаларын да шығысқа оқуға жібергілері келетінін айтты.
«Серпін-2050: жастар - индустрияға» бағдарламасы Қазақстанда 2014 жылдан бастап іске қосылғаны белгілі. Бағдарламаға сәйкес оңтүстік өңірден мыңдаған ұл-қыздар Батыс, Шығыс, Солтүстік Қазақстанда ЖОО-ларда сапалы білім ала алады. Бұл оңтүстікте еңбек ресурстарының көптігіне, ал жоғарыда аталған облыстарда мамандардың жетіспеуіне байланысты.