Сержант Арайлым Баймурзина: Қазақ қыздары намыстан жаралған

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат -  Әскери қызмет  әйел адамы үшін өте ауыр, қиыншылығы мол сала деп жатады. Дегенмен бүгінгі күні әскери ортадағы темірдей тәртіпке, ерекше талаптарға төзіп жүрген нәзік жандар аз емес. Солардың бірі Арайлым Мақанқызы.

Семей қаласындағы «Шығыс өңірлік» қолбасшылығына қарасты 5511 әскери бөлімінің музыкант - концертмейстері, сержант Арайлым  Баймурзина  Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында қызмет атқарады. Арайлымның  осы салада еңбек етіп келе жатқанына  биыл 15 жыл толады.  Әрине, бір қарағанда  музыканттың жұмысы оңай-ақ шаруа сияқты көрінеді. Бірақ, олай емес. Себебі, әскери бөлімде барлығына талап бір.  Таңнан кешке дейін тек музыкамен айналыспайды. Әскери бөлімде күн сайын ер азаматтармен қатар барлық жаттығулар мен тапсырмаларды да қатар орындайды. Дегенмен, нәзікжанды темірдей тәртіпті талап ететін қызметке төселіп алғанын айтады.

Арайлым 1974 жылы 15 -ші қарашада сол кездегі Ақсуат ауданы, Қызыл кесік ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Мақан өнерлі адам болған. Ақын, әнші-композитор. Жас  қыздың бойындағы өнері әкесі  арқылы дарыса керек. 11-ші сыныпты тәмдаған соң Арайлым әке жолын жалғастырмақ болады. Сөйтіп, 1992 жылы Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищесіне «Режиссер» мамандығына оқуға түседі.   

«Әкем Мақанның бірнеше өнері бар еді. Әншілігі мен композиторлықтан басқа  ақын да еді. Әкем «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» деген атақты алғаш болып алған жандардың бірі. Мені ес білгеннен өнерге баулыды. Сол кезде отбасылық ансамбль болып, түрлі мәдени шараларда өнер көрсеттік. Сондықтан болар өмірімді музыкасыз елестету мүмкін болмады»,-дейді ол.

Арайлым алғашқы еңбек жолын 1998 жылы Жарма ауданындағы Мәдениет үйінде музыкант болып бастайды. «Сұлуым» қыздар ансамблінде өнер көрсетіп, халық оркестірінде домбырашы болады. Ал әскери салаға 2001 жылы келеді. Жаңғызтөбе станциясындағы, Шуақ кентіндегі 156/16 түзету мекемесінде бақылаушы болып жұмыс істейді. 2004 жылы «Шығыс өңірлік» қолбасшылығына қарасты 5511 әскери бөліміне музыкант-концертмейстер болып жұмысқа кіреді. Міне, содан бері әскери салада еңбек етіп келе жатқанына 15 жыл. Биыл зейнет демалысына шығады.
 

«2004 жылы әскери бөлімге музыканттар керек дегенді естіп келгенмін. Міне содан бері 15 жыл өтіпті.   Биыл 15-ші қарашада зейнетке шығамын. Әйел адам табиғатынан шыдамды ғой. Ал әскери өмір мені одан сайын төзімділікке үйретті. Осы уақытқа дейін бұл қызметке келгеніме еш өкінген емеспін. Әскери салада жұмыс істегеніме мақтанамын»,-деді Арайлым.

Арайлым әскери салада жүрсе де, бала тәрбиесін де кенже қалдырған емес. Ұлы Қуаныш ер жетіп, қызы Ботагөз бойжетті. Қос құлыны оқу орнын бітіріп, бүгінде өздері адал еңбек етуде. Аяулы ананың ендігі арманы ұл-қызының қуанышын көріп, солардың бақытына бөлену.