Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі төрағасының міндетін атқарушы Жандарбек Бекшин айтты. «Энтеровирус бассейндерден табылған жоқ, дегенмен олар кәріз суларынан көптеп табылуда. Бұл аталған вирустың қоршаған ортада бар екендігінің жанама дәлелі. Сондықтан біз жүйелі жұмыс жүргізудеміз», - деді ол.
Оның айтуынша, арнайы белгіленбеген жерлерде суға шомылу аталған вирусты жұқтыруға әкеп соғады. Өткен жылы мұндай вирус жұқтырғандардың саны 900-ден асса, биылғы жарты жылда 550-ден асып отыр.
Ж. Бекшин атап өткендей, биыл Қазақстанда Орталық Азияда тұңғыш рет молекулярлық-генетикалық деңгейде жұмыстар жүргізілді.
«Биыл тұңғыш рет біздің Астаналық санитарлық эпидемиологиялық экспертиза орталығы молекулярлық-генетикалық зерттеу жүргізді. Оның нәтижелері вирустың шыққан жері туралы толық мәліметтерге қол жеткізуімізге мүмкіндік тудырды. Енді осы деректерді пайдалана отырып, одан әрі қандай жұмыстар атқару керектігін белгілейтін боламыз», - деді ол.