Бұл ақпаратты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі таратып отыр.
Шара барысында Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы, ҚР-ның Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ж.Бекшин дөңгелек үстелге қатысушылардың барлық сұрақтарына толық жауап берді.
«Жоспардан тыс тексерулер санының өсуі негізінен «Жеке кәсіпкерлік туралы» ҚР Заңына 2009 жылғы 17 шілдеде енгізілген, кәсіпкерлердің өздерінің бастамасы бойынша жүргізілетін мемлекеттік бақылау органдарының тексерулерін тіркеуді міндеттейтін өзгерістер мен толықтыруларға байланысты екені айтылды. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарында тіркеу жүргізу қажет болғандықтан, олардың өтініштерін қарау мерзімі ұзартылуы себебінен, осы норма кәсіпкерлік субъектілердің наразылығын тудырады», - делінген хабарламада.
2011 жылдың 9 айдың қорытындысы бойынша еліміздің санитарлық-эпидемиологиялық қызметі жүргізген жоспардан тыс тексерулердің 75 пайызы кәсіпкерлердің өтініштеріне байланысты жүргізілген. Одан басқа, жоспардан тыс тексерулер мемлекеттік органдардың өтініштері және тұрғындардың шағымдары бойынша жүргізілген.
Кеңес барысында Кеден одағының санитарлық шаралар жөніндегі және ҚР халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасының мәселелері бойынша түсіндірме берілді. Дөңгелек үстелге қатысушылар тұрақты негізде, оның ішінде өңірлерде де осыған ұқсас кездесулер өткізу қажеттігі туралы шешім қабылдады.