Сеул Солтүстік Кореяның белгісіз снарядтар ұшырғанын хабарлады

АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Корея 20 қыркүйекте Жапон теңізі бағытына бірнеше снаряд ұшырды. Олардың бірін Оңтүстік Корея әскерилері қысқа қашықтыққа ұшатын баллистикалық зымыран деп бағалады, деп хабарлайды ТАСС .

Фото: Yonhap

Оңтүстік Корея әскерилерінің мәліметінше, 20 қыркүйек күні жергілікті уақытпен шамамен сағат 15:00-де Вонсан ауданынан Жапон теңізі бағытына қысқа қашықтыққа ұшатын баллистикалық зымыран жіберілген. Ол шамамен 450 шақырым қашықтыққа ұшқан.

Бастапқыда әскерилер белгісіз снарядтың ұшырылғаны туралы хабарлаған.

Осыған байланысты Оңтүстік Корея президенті әкімшілігінің Ұлттық қауіпсіздік басқармасы шұғыл кеңес өткізді.

– Ұлттық қауіпсіздік басқармасы Корея Республикасының әрекет ету шараларын тексеріп, зымыран ұшырудың ел қауіпсіздігіне ықпалын талдап, бағалады. Сондай-ақ қажетті шаралардың қалай қабылданғанын қарастырды, – деп хабарлады Оңтүстік Корея президентінің әкімшілігі.

Сеул Солтүстік Кореяның баллистикалық зымыран ұшыруы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын бұзатынын мәлімдеп, Пхеньянды мұндай әрекеттерді тоқтатуға шақырды.

Айта кетейік, Оңтүстік Корея Ормуз бұғазына әскер жібермек.