Ескерту Сеулдің оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс аудандарына таратылды. Оның аясында Каннам, Сонгпа, Кансо және Кванакты қоса алғанда, қаланың 11 ауданы қамтылды.
Мұндай ескерту сезілетін ауа температурасы 38 градусқа жеткенде немесе күндізгі ең жоғары температура 39 градустан асқанда, сондай-ақ аптап ыстық екі күннен астам уақыт сақталған жағдайда жарияланады.
Үкіметтің мәліметінше, дүйсенбі күні ғана Сеулде ыстықтан зардап шеккен тағы 18 адам тіркелді. Мамыр айының ортасынан бері мұндай жағдайлардың жалпы саны 185-ке жетіп, екі адам қайтыс болған.
Қала қызметтері тұрғындарды қорғау шараларын күшейтті. Коммуналдық қызметтер көшелерге су шашып, ауа температурасын төмендетуге кірісті. Сонымен қатар қарттар мен басқа да осал топтарға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Тұрғындар үшін аптаптан паналауға болатын төрт мыңға жуық арнайы орын дайындалды. Олардың қатарында қоғамдық орталықтар, қарттарға арналған мекемелер және әлеуметтік қолдау орталықтары бар.
Елдің Ішкі істер министрлігі тұрғындарға қауіпсіздік шаралары туралы SMS-хабарламалар жолдап, аса қажет болмаса сыртқа шықпауға, ашық ауада дене еңбегінен бас тартуға, көбірек су ішуге, салқын жерде демалуға және жақындарының жағдайын бақылауға шақырды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Оңтүстік Кореяның Янсан қаласында ауа температурасы 42,5 градусқа жетіп, 1904 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан метеобақылаулар тарихындағы ең жоғары көрсеткіш тіркелгенін жаздық.
Ал аптап ыстықтан туған қуаңшылық Ұлыбританияда өнім көлемін азайтып, бағаның өсуіне әкелді.