Сеулде ауа температурасы жеті жылдан бері алғаш рет 40 градустан асты

АСТАНА. KAZINFORM – Оңтүстік Корея астанасы Сеулде ауа температурасы жеті жылдан бері алғаш рет 40°C межесінен асты. Елдің бірнеше өңірінде де аптап ыстық рекордтық деңгейге жетті.

Фото: Yonhap

Жұма күні Сеулде ауа температурасы 40°C-тан асты. Бұл – 2018 жылдан бері Оңтүстік Корея астанасында алғаш рет тіркелген көрсеткіш.

Соңғы рет Сеулде 40°C-тан жоғары температура 2018 жылғы 1 тамызда байқалған. Сол кезде ауа температурасы рекордтық 41,8°C-қа дейін көтерілген.

Корея метеорологиялық басқармасының (KMA) мәліметінше, жергілікті уақытпен сағат 15:28-де Сеулдің солтүстік бөлігіндегі метеостанция 40,2°C көрсеткен.

Аптап ыстық елдің өзге өңірлерін де қамтыды. Сеулдің оңтүстік-шығысындағы Ханам қаласының Докпхун ауданында ауа температурасы 40,7°C-қа жетті.

Маусым айының басынан бері ел бойынша орта есеппен күндізгі температура 33°C және одан жоғары болған 14,8 күн тіркелген.

Сондай-ақ түнгі ауа температурасы 25°C-тан төмен түспейтін тропикалық түндердің саны рекордтық 13 күнге жетті.

Бұған дейін Оңтүстік Кореяда аномальды аптап ыстықтың салдарынан 21 адамның көз жұмғаны хабарланған.