Сеулде құрылыс алаңында Қазақстан азаматы қайтыс болды

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Сыртқы істер министрлігі Сеулде Қазақстан азаматы қайтыс болғанын растады.

Фото: Yonhap

ҚР СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, ер азамат құрылыс алаңындағы оқыс оқиға салдарынан мерт болған.

Корея Республикасының құзырлы органдары оқиғаның мән-жайын тергеп-тексеруді бастады.

— Қазақстан дипломаттары марқұмның туыстарымен байланысқа шығып, оларға консулдық және құқықтық көмек көрсетіп жатыр, — деп мәлімдеді СІМ.

Yonhap ақпарат агенттігінің хабарлауынша, оқыс оқиға 29 қыркүйекте болған. 23-қабатта тұрған ер азаматтың үстіне бетон бөлігі құлаған.

Оқиғадан кейін Корея Республикасының Еңбек министрлігі құрылыс алаңындағы жұмысты тоқтатып, тексеріс бастағаны туралы хабарланған.

Еске сала кетейік, Үндістан портында Қазақстан азаматы бар кеме ұсталған болатын.