30 шілдеде Сеутаға 70 мыңнан астам мигрант келген. Қазір олардың бірнеше мыңы испандық жартылай анклав аумағында қалып отыр.
Наразылық акциясына оңшыл Еуропалық халық партиясы (ЕХП) мен әсіре оңшыл «Еуропа үшін патриоттар» қозғалысының депутаттары мен өкілдері қатысты. Олар Сеута мен Испания туларын ұстап, Премьер-министр Педро Санчесті елдің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғай алмады деп айыптады.
El Español басылымының хабарлауынша, Испанияның Көші-қон және шекара мәселелері жөніндегі ұлттық орталығы (CENIF) мигранттардың жаппай өтуін «Марокконың күштік құрылымдары үйлестірген» деген қорытындыға келген. Алайда Санчес Рабаттың бұған қатысы бар екенін дәлелдейтін дерек жоқ екенін мәлімдеген.
Мадрид әзірге оқиға үшін Марокконы ашық айыптаған жоқ. Испания Ішкі істер министрі Фернандо Гранде-Марласка ұлттық полиция басшылығына аталған ақпаратты тексеруді тапсырды.
Испанияның әсіре оңшыл Vox партиясы Санчесті елге «опасыздық жасады» деп айыптап, премьер-министр мен үкімет мүшелеріне қатысты қылмыстық іс қозғауға мүмкіндік беретін Конституцияның 102-бабын қолдануды талап етіп отыр.
Vox депутаттары Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйенге, ЕО сыртқы саясат қызметінің басшысы Кая Калласқа және ішкі істер жөніндегі еурокомиссар Магнус Бруннерге хат жолдады. Онда Мароккоға санкция салу, мигранттардың жаппай өтуін «гибридті соғыс актісі» деп тану және ЕО мен Марокко арасындағы келісімдерді уақытша тоқтату ұсынылған.
Еуропалық комиссия Марокконың ықтимал қатысына байланысты тергеу ұлттық билік органдарының құзырындағы мәселе екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, Мароккодан Сеутаға өтпек болған 67 мигрант қаза тапқан еді.
Кейін Мароккода мигранттардың Сеутаға заңсыз кіру ісіне қатысты 25 адам сотқа тартылды.