Сейітқазы Матаев 6 жылға бас бостандығынан айырылды
Алдағы 6 жылын енді ол жалпы режимдегі колонияда өткізеді. Ал, оның баласы Әсет Матаев 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Астанадағы Есіл аудандық №2 сотында Қазақстан журналистер одағының басқарма төрағасы, Ұлттық баспасөз клубының президенті Сейітқазы Матаевқа қатысты сот ісі аяқталды. Сейітқазы Матаев пен оның баласы, «КазТАГ» ХАА бас директоры Әсет Матаев өзара сыбайласа отырып, 300 миллион теңге жымқырды деп айыпталған болатын. Бұған қоса, тергеу шаралары Сейітқазы Матаевтың 327 млн теңге көлеміндегі салықтан жалтарып жүргенін анықтаған болатын»,-деп жазады BNews.kz.
Сейітқазы Матаев ҚР ҚК 177 бабының 4 бөлімінің Б тармағы бойынша және ҚР ҚК 245 бабының 3 бөлімінің, 190 бабы, 4 бөлімінің 2 тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Оның дүние-мүлкі тәркіленіп, 6 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындалды. Енді ол 6 жыл өмірін жалпы режимдегі колонияда өткізеді және өмір бойына мемлекеттік және коммерциялық ұйымдардағы ұйымдастырумен және материалдық жауапкершілікпен байланысты басшылық қызметтерді атқара алмайды.
Әсет Матаев та ҚР ҚК 194 бабы, 4 бөлімі, 190 баптың 4 тармағында көрсетілген қылмыстар бойынша кінәлі деп танылды. Аталған баптар негізінде «КазТАГ» ХАА бұрынғы басшысының дүние-мүлкі тәркілене отырып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. 5 жылдық жазасын ол жалпы режимдегі колонияда өткізеді және оған да мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда ұйымдастырумен және материалдық жауапкершілікпен байланысты басшылық қызметтерді атқаруға тыйым салынады.
«Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің азаматтық талабы қанағаттандырылып, Сейітқазы Матаев пен Әсет Матаевтан министрліктің пайдасына 169 млн теңге өндірілсін. 5 млн 70 мың теңге көлеміндегі төлем мемлекеттің пайдасына шешілсін. «Қазақтелеком» АҚ азаматтық талабы қанағаттандырылып, Сейітқазы Матаевтан акционерлік қоғамның пайдасына 143 млн 963 мың теңге өндіріліп берілсін.
4,318 млн теңге көлеміндегі мемлекеттік төлем мемлекеттің пайдасына шешілсін. Прокурордың азаматтық талабы қанағаттандырылып, Сейітқазы Матаевтан 2011-2015 жылдар аралығында төленбей жүрген 216 млн 952 мың теңге көлеміндегі салығы өндіріліп, мемлекеттің пайдасына шешілсін»,-деген шешім шығарды судья Ақболат Құрмантаев.