432 өндіріс ошақтары сейсмикалық жағынан нығайтуды қажет етеді. Бұл мәліметтерді Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко бүгін Парламент Сенатында өткен «Өңір» депутаттық тобының төтенше жағдайлар саласындағы заңнаманы жетілдіру мен аймақтағы төтенше жағдайларға мемлекет тарапынан қолданылып отырған шараларына қатысты ұйымдастырған мәжілісі барысында келтірді.
Оның сөзіне қарағанда, қауіпті аумақтардағы басты проблемалардың бірі - сейсмикалық жағынан нығайтуды қажет ететін нысандар болып табылады. «Құрылыс және Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істер агенттігінің мәліметтерінше, сейсмикалық жағынан қауіпті аймақтардағы апатты жағдайдағы тұрғын үйлер саны 2 мыңға жуықтайды. Бұған қоса, аталған аймақтарда көптеген нысандар күрделі жөндеуді қажет етеді, ал кейбірінің пайдалану мерзімі біткен. Осы ретте мен Парламент депутаттарынан аймақтағы мәслихат депутаттарымен кездесулері барысында оларға бюджетті жоспарлау кезінде сейсмикалық нығайту шараларына қомақты қаржы бөлу қажеттігін айта жүруді сұраймын»,-деді министр.
Сондай-ақ ол сейсмикалық нығайту қазіргі таңда аймақтарда аса маңызды емес мәселелердің қатарына енгізіліп, сейсмикалық нығайту шаралары шектен тыс нашар жүріп жатқандығын жеткізді.