Ш. Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Менің Қазақстаным!» атты халықаралық ән фестивалі өткізіледі

АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат. Қазақтың ән өнерін дамыту, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың мол мұрасын халық арасында орындап жүрген дарынды жастардың шығармашылығына қолдау көрсету,

қазақ эстрадасының маңдайалды шеберлерінің өнерін кейінгі жас буынға үлгі ету, сондай-ақ қазақтың дарынды композиторының шығармаларын ұлықтап, бұқара халыққа насихаттау мақсатында Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Менің Қазақстаным!» атты Халықаралық ән фестивалін өткізеді.

Фестивальдің міндеттеріне Ш. Қалдаяқовтың шығармашылығын кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу; ән өнерінің ең жақсы дәстүрлері мен жетістіктерін жаңғырту, дамыту және насихаттау; халықтың мәдени демалысы мен эстетикалық тәрбиесін, рухани және мәдени құндылықтармен алмасуды ұйымдастыру; талантты, өзіндік ерекшелігі бар орындаушыларды қолдау; жастардың эстетикалық және патриоттық тұрғыда тәрбиеленуіне, ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарын құрметтеуіне ықпал ету жатады.

Фестивальдің іріктеу кезеңі Астана қаласында 2011 жылғы 14 қыркүйек күні сағат 11.00-де Президенттік мәдениет орталығында өтеді. Іріктеу кезеңінде облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының мәдениет басқармаларының, сондай-ақ шетелдік мәдениет ұйымдарының ұсынысы бойынша жергілікті жерлерде өткізілген Ш. Қалдаяқов атындағы ән байқауларының жеңімпаздары қатысып, өнер көрсетеді.

Ал фестиваль соңынан болатын Гала-концерт 16 қыркүйек күні сағат 19.00-де «Қазақстан» орталық концерт залында өтеді. Концертке Қазақстанның халық әртістері Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасанғалиев, Нұржамал Үсенбаева, танымал эстрада жұлдыздары Алтынай Жорабаева, «Қоңыр» тобы, т.б. қатысады.

14 қыркүйекте сағат 10.00-де Президенттік мәдениет орталығы концерт залының фойесінде қазылар алқасының қатысуымен БАҚ үшін баспасөз мәслихаты өтеді.

Қазақтың ән патшасы Шәмші Қалдаяқов шығармашылығының құндылығы ешқашан кемімек емес. Ұлтының жанын тербетіп, сезімін оятқан атақты композитор есімі жыл жылжыған сайын ел есінде жатталып, мәңгілік өмір сүрмек.