Жылдың басынан бері мемлекеттік сатып алулар порталында аталған саябақ пен парктің күтімі үшін әрқайсысы жарты млн теңге болатын лот ойнатылған. Алайда соңғы рет мамырдың 16 күні Панфилов аудандық прокуратурасының шешімімен екі лот тоқтатылған.
Содан бері мемлекеттік сатып алулар сайтына парктерді күтіп ұстауға ешқандай хабарлама жарияланбаған.
Ал жергілікті тұрғындардың айтуынша, аталған екі парк қазір қараусыз күйде. Іші қоқысқа толып, қирап, сынып жатқанын айтады.
«Мен балаларымды ертіп келіп осы жерге ойнататын едім. Биыл қараусыз тұр. Қаншама қаражат бөлінеді деп естиміз, қазіргі келбеті адам көргісіз, тозып тұр. Адамдар да келмей қойды. Парк іші ішімдік бөтелкелеріне толы. Жөндеп жағдай жасауға болады ғой. Спорт алаңдары, баскетбол ойнайтын жер жабық. Темірін ұрлап кеткен не өздері алып тастаған шығар...», - дейді қала тұрғыны София Ялкунжановна.
Осыдан екі жыл бұрын мемлекет қаржысымен 250 млн теңгеден астам қаржыға салынған балалар ойнайтын алаңдар мен спорттық алаңқайлар қараусыз қалған, қираудың алдында тұр.
Ал Жаркент қаласының әкімі Айдар Исаев тұрғындарға екі паркті күтіп-баптауға бөлінген 17 млн теңгеден астам қаржының қайда жұмсалғанын түсіндіре алмаған.
«Қазір екі паркті жекелеген кәсіпкерлердің қарауына беруге жұмыс істеп жатырмыз», - дейді қала әкімі.
Алайда қала басшысы мамыр айынан бері мемлекеттік сатып алулар порталына парктерді күтіп ұстауға қайта лот жарияланбағанын айтқан. Ал тұрғындар ақшасы бөлінбеген саябақты кімнің жөндейтінінен әлі хабарсыз.