Ш. Оразбаеваның «Бастау» туындысы 66-шы Канн халықаралық кинофестивалінің бағдарламасына енді

None
АСТАНА. 1 мамыр. ҚазАқпарат - Шәрипа Оразбаеваның «Бастау» фильмі 66-шы Канн халықаралық кинофестивалінің «Қысқа метрдің бұрышы» бағдарламасына енді.

Круазетт жағалауына нәзік жан туындының продюсері Мадияр Қасымовпен бірге аттанбақ. Аталмыш туындыда бас рөлді «Шал» фильмінің жұлдызы сомдаған. Бұл туралы «Экспресс-К» газеті №77 санында «Стивен Спилбергті таңғалдыру» мақаласында баяндаған.

Биылғы жылы беделді форумның қазылар алқасына Стивен Спилберг төрағалық етпек. Байқауға қатысушылардың шеберлігін голивуд әртісі Николь Кидман, тайваньдық режиссер Энг Ли және әлемдік синематографтың басқа да жұлдыздары сараптайды. Фестиваль шымылдығы База Лурманның «Ұлы Гэтсби» туындысымен ашылмақ. 15-26 мамыр аралығында өтетін елеулі шараға қазақстандықтар да атсалысады. Мадияр Қасымовтың айтуынша, нақыл түріндегі «Бастау» фильмі атақты Сизиф туралы ежелгі грек аңызының аллюзиясы іспетті. Оның бас қаһарманы қу шөлді суға қанықтыру үшін ондаған шақырымды велосипедпен бағындырады. Бір қарағанда оның іс-әрекетінің мәні жоқ секілді, бірақ шынтуайтына келгенде олай болмай шығады.

«Фильм Алматы облысында түсірілді, - дейді Мадияр. - Бас рөлді сомдаған әртісті аптап ыстық әлекке салды».

Шәрипа мен Мадияр Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясына қарасты жоғарғы режиссерлық курстардың студенттері. Оларға «Лунный папа», бас рөлді Пьер Ришар сомдаған «1 000 и 1 рецепт влюбленного кулинара», Эльдар Рязановтың «Андерсен: жизнь без любви» фильмдерінің сценарийлері бойынша атақты, танымал грузиялық режиссер және сценарист Ираклий Квирикадзе дәріс оқиды.