Ш.Уәлиханов атындағы КМУ-де 2 жатақхана салынады-Ақмола облысы

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 әлеуметтік басымдығын талқылау бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік органдардың басшылары, саяси партиялар мен мемлекеттік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктер және БАҚ өкілдері қатысқан жиында Елбасының 5 әлеуметтік басымдығында айтылған әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыру бағытында алға қойылған міндеттер сөз болды.

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ бөлім басшысы Әсет Боранбаевтың айтуынша, ағымдағы жылы өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй құрылысын жандандыру жоспарда бар.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша өңірде биылғы жылға 16 жалдамалы, 12 несиелік тұрғын үй салу көзделген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға артық. Оған қоса жекелей үй салу үшін 2400 жер телімі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі», деді Әсет Боранбаев өз сөзінде.

Ал, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров университет студенттері үшін 1000 орындық 2 жатақхана салынатын атап өтті.

Сонымен қатар, жиында ардагерлер мен мүгедектерге арналған емхананың бас дәрігері Бағила Закрина, облыстық энергетика және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы басқармасының өкілі Жасқайрат Садықовтың медицина қызметкерлеріне тиісті еңбекақысын төлеу, төмен айлық алатын адамдарға салықтың жеңілдетілуі және елді мекендерді газдандыру тақырыбында пікірлері тыңдалды.

Осы ретте, облыстық ішкі саясат басқармасының міндетін атқарушы Гүлмира Кәрімова аталмыш әлеуметтік басымдықтарды халыққа жеткізу үшін түсіндіру жұмыстарының кең ауқымда жүргізіле беретін атап өтті.