АСТАНА. KAZINFORM — «Елімай» (Семей) клубының шабуылшысы, 21 жастағы Иван Свиридов футболдан Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алды.
Қазақстан футбол федерациясынан мәлім еткеніндей, И.Свиридов ел чемпионатында жарақат алған «Астана» ойыншысы Рамазан Кәрімовты алмастыратын болады.
И.Свиридов Дубайда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан ұлттық құрамаға қосылады.
Иван Свиридов өткен жылы «Шахтер» (Қарағанды) құрамында 23 матчта 7 голдың авторы атанды. Биыл «Елімай» құрамында екі ойын өткізді.
Айта кетейік, 21 наурызда Қазақстан құрамасы Афиныда Ұлттар лигасы плей-офф бәсекесінің жартылай финалында Грекиямен сынға түседі. Екінші жартылай финалда Грузия мен Люксембург жасыл алаңға шығады. 26 наурызда өтетін финал жеңімпазы 2024 жылғы Еуропа чемпионатына жолдама алады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).