«Шабыт» фестивалінің Президент кубогы иегері белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінде Президент кубогы гобоишы Ислам Әлиевке бұйырды. Одан бөлек, жеңімпаз «Классикалық музыка: ағаш үрмелі аспаптар» аталымының Гран-приін жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осымен 21-інші рет ұйымдастырылып, 5 күнге созылған өнер бәсекесі өз мәресіне жетті.

Астанадағы «Бейбітшілік және келісім» сарайында өткен байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтау рәсімімен қатар, жеңімпаздардың қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылды.
 

«Музыкамен 7 жасымнан бастап айналысамын. Қазір Астанадағы Өнер университетінің музыка факультетінің 3 курс студентімін. Жеңісімді ата-анама арнаймын. «Шабыт» фестиваліне осымен 2-інші рет қатысуым осыдан екі жыл бұрын осы номинацияда ІІІ орын иелендім», -деді фестивальдің абсолютті жеңімпазы, Президент кубогының иегері Ислам Әлиев.

«Классикалық музыка» аталымында қатысушылар 4 секцияда шеберлік байқасты: ағаш және мыс үрмелі аспаптар, соқпалы аспаптар және камералық ансамбльдер.

Мейіржан Кеңесбаев, Айя Ғаббасова, Леонид Мысовский, Бағжан Есіркеп енген квартет үздік камералық ансамбль (Гран-при) деп танылды.

«Классикалық музыка: мыс үрмелі аспаптар» секциясында Азат Әбілқасымов топ жарды. Ағаш аспаптарда ойнауда Тілек Дәуітқан мен Владимир Ардашев көш бастаса, «Соқпалы аспапта» Арыстан Әбілдин Гран-при иеленді.  

Үстіміздегі жылы «Халық музыкасы» номинациясы келесі секциялардан құрылды: «қобыз», «прима-қобыз», «домбыра-прима, шертер, бас-шертер».

Байқау қорытындысы бойынша Шолпан Шарапатова үздік қобызшы атанып, Гран-при еншіледі.

«Домбыра-прима, шертер, бас-шертер» аталымында Гран-при Әділхан Годжановқа бұйырды.

«Прима-қобызда» қазылар алқасы Айым Мейірханованың өнеріне жоғары бағасын берді.

Фестивальдің үздік вокалисі Гран-приін астаналық Ахмет Сұлтан иеленді.

«Хореография» аталымында Гран-при қазылар алқасының бірауыздан қабылдаған шешімімен елордалық «Наз» би театрына берілді.

Журналистика номинациясы бойынша Қазақстан ұлттық телеарнасының "Мəселе" бағдарламасының жүргізушісі, журналист Нартай Сəрсенғалиевтің бағы жанды. 
  

Халықаралық өнер байқауының Президент кубогы иегері, Гран-при иегерлері мен жүлделі орын алғандар ақшалай сыйлықтармен және «Шабыт» фестивалінің дипломдарымен марапатталды. Оның ішінде, Президент кубогы жүлдесіне - 600 мың теңге, Гран-при  - 350 мың теңге, бірінші орын - 300 мың теңге, екінші орын - 250 мың теңге және үшінші орынға 200 мың теңге берілді. Сонымен қатар, атаулы сыйлық иегерлеріне 80 мың теңге көлемінде сыйақы табысталды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, күндіз байқаудың І, ІІ,ІІІ орын иегерлері марапатталған болатын.