Кеше Үкімет үйінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов елімізге ресми сапармен келген Беларус Республикасының Премьер-Министрі Сергей Сидорскиймен кездесті. Кездесуде әр түрлі салалар бойынша Қазақстан мен Беларус арасындағы әріптестікті дамытуға байланысты мәселелер талқыланды. Толығырақ «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Әріптестік әлеуеті кеңейе түспек» деген тақырыппен берілген мақаладан оқи аласыздар.
«Алтайда атқарылатын іс көп»,- дейді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында. Аталған басылымның «Әкіммен әңгіме» айдарымен берілген сұхбаты Шығыс Қазақстан облысындағы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан игі істер жайында ой өрбітеді.
Көрнекті қоғам қайраткері, жазушы, публицист Сәкен Сейфуллин «Еңбекші қазақ» газетінде өнегелі із қалдырғаны белгілі. Профессор Тұрсынбек Кәкішевтің «Сәкен һәм «Еңбекші қазақ» тақырыбымен берілген Сәкен туралы мақаласының жалғасын аталған басылымның бүгінгі санынан оқуға болады.
***
Жабық ғимараттағы III Азия ойындарынан қазақстандық спортшылар олжалы оралды. «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «21 алтын, 16 күміс, 21 қола» деген тақырыптағы мақала осы қуанышты жағдаймен толық хабардар етеді.
Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясында қазақ халқының біртуар перзенті, өнер қайреткері, белгілі сахна шебері, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Асанәлі Әшімовпен кездесу болды. Осыдан 55 жыл бұрын өзі де осы өнер ордасында білім алған өнер иесі осы орайлы кездесуде ізбасар іні-қарындастарының көкейтесті сұрақтарына жауап беріпті. «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Қазір Қазақстанда киноактер жоқ» деген тақырыптағы сұхбатқа назар аударыңыз.
***
Талай жастардың кеудесіне үміт отын тұтандырып, шығармашылығына серпіліс берген халқаралық «Шабыт» фестивалі елордада биыл он екінші рет өтті. Бас шаһарды ән мен күйге тербеген фестиваль өткен жексенбі күні Бейбітшілік және келісім сарайында ең дарынды қатысушыларын анықтап, оларға лайықты жүлделерін тапсырды. Толығырақ «Астана ақшамы» басылымының алғашқы бетінен орын алған «Шабыт» шыңына шыққандар» деген тақырыптағы мақаладан оқыңыздар.
Осы тақырыптағы мақаланы «Егемен Қазақстан», «Айқын» газеттерінен де оқуға болады.
«Салық төлеу - тұрақты экономиканың кепілі. Өзіңе өзің жақсылық жасағың келсе, салық төлеудегі жауапкершілікті сезіне алған жөн. Алайда кейбіреулер үшін мұның байыбына бару, мемлекет алдындағы басты жауапкершілікті сезіну мүмкін болмай отыр», - деп жазған «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санындағы «Қара тізімге» ілігіп қалмаңыз» деген тақырыппен берілген келесі мақала мүлік салығын төлемейтіндерге қатысты келеңсіздікті жазыпты.
«Президент Нұрсұлтан Назарбаев кеше Беларус Премьер-министрі Сергей Сидорскийді қабылдады. Кездесу барысында екі жақты қарым-қатынастар мен Қазақстан Президентінің Беларус Респбуликасына жоспарланып отырған алдағы сапарының дайындық мәселелері талқыланды», деп жазады «Казахстанская правда» газеті бүгінгі сейсенбілік нөмірінде.
Үкімет астықты Ресей, Украина арқылы тасымалдау мәселесін арзандату жайын шешуі керек. Өйткені, астықтың әлемдік нарықтағы бағасы қазақстандық диқандарға тиімсіз деңгейде қалыптасып отыр. Астық төңірегіндегі әңгімені «КазПравда» «Астық бағыттары: әртараптандыру қажет» деген мақалада егжей-тегжейлі жазған.
Ал «Комсомольская правда-Казахстан» басылымы Оңтүстік Қазақстан облысында шілде айында бірнеше адамның қазазына душар қылған конго-қырым безгегі індетіне байланысты тергеу нәтижелеріне үңілген. Бұл ретте, ведомствоаралық комиссия облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастапқыда келтірген қорытындыларына мүлде кереғар дәйектердің бетін ашқаны, өлген адамдардың денесіне жасалды деген медициналық сараптаманың жалған екендігі туралы деректер келтірілген.
«Литер» газеті бірінші бетіне Жамбыл облысындағы «Жол картасының» жүзеге асырылу барысы туралы мақаланы шығарыпты. Онда шенеуніктердің баяндауында бәрі жақсы болғанымен, құқық қорғау органдары бірқатар заңбұзушылықтарды анықтағаны, сонымен қатар облыста қант қызылшасының түсімі төмендеп, соған байланысты Республикада қант тапшылығы білінуі мүмкіндігі айтылған.